ТОП-10: әлемді өзгерткен ұлы тұлғалар жайлы фильмдер топтамасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлы тарихты ұлы адамдар жасайды. Олар өздері өмір сүрген әр кезеңде қоғамның, стильдің, мәдениеттің және мемлекеттің қалыптасуына зор ықпал етті. Бұл талантты тұлғалар арманы үшін күресті, бала шақта алға қойған ұлы мақсаттарынан жаңылмады, сөйтіп әлемдік идеяларды өзгертті. Аты аңызға айналған ұлт көшбасшысының, көпшілік түсіне бермейтін физиканы оқырманға қарапайым тілмен жеткізген ғалымның, қазақтың әнін әлемге танытқан музыканттың, сән әлеміне төңкеріс жасаған дизайнердің өміріне негізделіп түсірілген фильмдер – соның дәлелі. Бүгінде бұлардың әрқайсысы «must watch» фильмдерге айналды. Шолу-мақаламызда ұлты мен отаны үшін күрескен көрнекті тұлғалардың өмірінен алынып, шынайы оқиға желісімен түсірілген фильмдер топтамасын ұсынамыз.

«Сын сағаты» (Darkest hour), 2017

Цитата: «Өз ойын өзгерте алмаған адам, ешқашан ештеңені өзгерте алмайды»

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы әлем елдеріне секілді британ халқына да оңай тиген жоқ. Нағыз қиын кезеңнің бастауы болды. Адольф Гитлер басшылық еткен фашистік Германия Батыс Еуропа елдеріне шабуыл жасап, жаулап алған аумақтарында өз ережелерін орната бастады. Гитлер Бельгияны алғаннан кейін, келесі кезекте Франция тұрды. Бұл жайт британ халқы мен үкіметін таңдау жасауға мәжбүр етті: Гитлерді қолдау не қарсы шығып, соғысу.

Осы тұста министрлер кабинетінде бір-бірін айдап салу, бір-бірінің пікіріне мақсатты түрде қарсы шығу секілді шытырман оқиғалар басталады. Десе де соңғы сөз премьер-министрде. «Немістермен келісімге келу керек» деген саясатты ұстанған премьер-министр қызметінен кетті, енді үкімет басшысы лауазымына екі адам ғана үміткер - лорд Галифакс пен Уинстон Черчилль. Сол кездегі біраз жайт үкімет басына Черчилльдің келуіне ықпал етеді. Ол әп-сәтте әскерді, әуе күштері мен флотты үйлестіру жұмысын өз қолына алады. Оның «жеңіске жету үшін фашистік Германияға қарсы шығып, соғысу керек» деген ұстанымына кейбір жоғары лауазымды тұлғалар қарсы шығады. Алайда Черчилль фашистік Германиямен достық келісімге келу қауіпті екенін ұғады. Оның пайымынша, Германиямен келісімге келу – Ұлыбританияны Гитлердің қолындағы қуыршаққа айналдыру. Осындай сын сағатта Черчилль абыройы мен өмірін қатерге тігіп, британдықтарды құтқару үшін соңына дейін күресуді бұйырады.

Коко до Шанель (фр. Coco avant Chanel), 2009

Цитата: «Күш сәттілікте емес, сәтсіздікте. Мен ағысқа қарсы жүзгенде күш-қуатым артты»

Бұл – ХХ ғасырдың ғажап, аты аңызға айналған, әйелдердің сән әлеміне төңкеріс жасаған француз дизайнері Коко Шанельдің тарихын баяндайтын өмірбаяндық драма. Фильмде бүгінгі әйел бейнесін жасаған Коко Шанельдің әлемге әйгілі болғанға дейінгі өмірі суреттеледі. Оның шын аты – Габриель. Аталған кинода көпшілік біле бермейтін деректер де келтіріледі.

Коко өзінің дизайн саласындағы карьерасын әйелдер шляпаларын жасаудан бастады, кейінірек ол әйелдерге арнап алғаш рет ерлер костюмін тікті. Әлемге кішкентай қара көйлекті сыйлады, сонымен қоса миллиондаған әйелдің жүрегін жаулаған кішкентай шынжырлы сөмкені ұсынды. Бұл әйелдің құпиясы неде, ол табысқа жетіп, төрткүл дүниеге танылу үшін не істеді? Жетімдер үйіндегі кішкентай қыздан тұтас бір дәуірдің тұлғасына айналған Коко Шанельдің өмір жолы көпке үлгі, сол үшін де «must watch» фильмдердің біріне айналды.

«Мандела» (Mandela), 1996

Цитата: «Әрқайсымыз өзімізге мынадай сұрақ қоюымыз керек: мен өз қалам мен елімдегі тыныштық пен дамуды қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін істей алдым ба?»

Бұл фильм Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш демократиялық жолмен сайланған президенті Нельсон Манделаның өмірбаяны негізінде түсірілген. Фильмде саясаткердің балалық шағынан бастап отбасылық өмірі, білім алу, заңгер мен саясаткер ретінде қалыптасып, халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қаһармандық күресі көрсетіледі. Оның тек өз халқы ғана емес, Оңтүстік Африкадағы барлық нәсіл мен әртүрлі этникалық топтардың құқын талап етіп, олардың бостандығы үшін күрескені, осындай көзқарасы үшін Роббенэйланд аралындағы түрмеге жабылуы секілді маңызды оқиғалар да берілген. Сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейінгі қонақүйдегі Мандела, инаугурацияға галстук таңдауы секілді детальдарға мән беріледі.

Бұдан басқа биографиялық фильмде Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы мемлекеттік президенті Фредерик Виллем де Клерктің, Нельсон Мандела мен оның әйелі Виннидің, сондай-ақ Африка қарсылық қозғалыстарының жетекшісі Эжен Ней Тербланштің сұхбаттары көрсетіледі.

Бұл деректі фильм 2010 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Нельсон Манделаның халықаралық күнінен бірнеше күн бұрын көрсетілген еді.

«Жасырын фигуралар» (Hidden Figures), 2017

Цитата: «Азаттық жай ғана беріле салмайды. Оны алу керек»

«Жасырын фигуралар» фильмінде АҚШ-тағы нәсілдік сегрегацияның өршіп тұрған кезеңі мен АҚШ пен КСРО арасындағы ғарышты бағындыру үшін болған жарыс кезінде NASA-ға теңдессіз үлес қосқан үш афроамерикалық әйелдің оқиғасы баяндалады. Кетрин Джонс - жалғыз басты ана, талантты математик және есепші. Дороти Вон – білімді әрі алғыр басшы және NASA-дағы алғашқы әйел программист. Мери Джексон – ақ нәсілділерге арналған университетте инженер мамандығын оқу құқығын сотта жеңіп алған қыз. Бұл фильмде тек үш әйел туралы баяндалады, бірақ тарихта мұндай жасырын фигуралардың одан да көп болғанын бәріміз білеміз.

Олар NASA-да зымыранды ұшыру жұмысына зор үлес қосты, алайда олардың еңбегі бағаланған жоқ. Өйткені үшеуі де афроамерикалықтар. Ғарыш сияқты дамыған салада да нәсілшілдікке тап болады. Кітапханаға баруға тыйым салу, қара нәсілділерге арналған жеке дәретханалар, ақ нәсілді ерлер ғана емес, тіпті афроамерикалық ерлер тарапынан да әділетсіздікке ұшырайды. Расизм, гендерлік теңсіздік таптаурындарымен күресе жүріп, өз елінің игілігі үшін қызмет етуді жалғастырады.

«Әміре» (2018)

Цитата: «Сенің дауысың арқылы қазақ музыкасын әлемге таныту керек».

«Әміре» өмірбаяндық драмасында ерекше даусымен тек қазақ даласын ғана емес, күллі әлемді тәнті етіп, адамдардың жүрегін жаулаған қазақтың біртуар дарынды ұлы Әміре Қашаубаевтың өмірі бейнеленеді. Оның балалық шағынан бастап аяқ астынан қайтыс болғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Оның кенеттен қаза болу себебі ондаған жыл өтсе де әлі күнге дейін беймәлім қалып отыр.

1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесінде қазақтың атақты музыканты Әміре Қашаубаев ән шырқады. Оған дейін әлем мұндай дауысты естімеген еді. Халықаралық газеттер мен журналдар оның «сирек кездесетін талант» екенін жарыса жазды. Дегенмен, дарынды өнер иесінің өмір жолы оңай болған жоқ, оны Мұстафа Шоқаймен байланысы бар деген күдікпен ылғи бақылауда ұстады. Алайда барлық қиындыққа қарамастан, бүкіл әлем қазақ музыканты мен оның талантынан хабардар болды. Әміренің дауысы арқылы әлем қазақтай ұлт бар екенін білді.

«Джеки» (Jackie), 2016

Цитата: «Өнер туындылары бізден әлдеқайда ұзақ өмір сүреді. Сондықтан да олар тарихтың, бірегейліктің және сұлулықтың маңызды идеяларын сақтайды».

Фильм 1961-1963 жылдар аралығында АҚШ-тың бірінші ханымы болған Жаклин Кеннедидің өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне негізделген. Жаклин О немесе Джеки аталып кеткен ол миллиондардың сүйіктісіне айналды. Жаклин Кеннеди туралы көптеген кітап та жазылды және оған деген адамдардың қызығушылығы күні бүгінге дейін толастаған жоқ. 1963 жылы қарашада АҚШ президенті Джон Кеннеди Далласта өлтірілді. Фильм осы қорқынышты трагедиядан кейінгі төрт күннің ішінде болған оқиғаны баян етеді. Джеки әлемдегі көп адам үшін әрқашан стильдің, әдемілік пен төзімділіктің символы болды. Ал бұл қорқынышты жағдайдан кейінгі күндер оны әбден сынға алды. Бәрімен бірге күйеуін жоқтайын десе, бүкіл әлем оған қарап отыр. Әлем одан бірінші ханымға тән мықтылықты көргісі келді. Ал оның шын мәнінде не сезінгенін, қандай психикалық қиындықтармен күрескені көпшілік үшін әлі де жұмбақ. Фильмде мұрағаттан алынған кадрлар пайдаланылған, сонымен қатар бірінші ханымның өмірінен осы уақытқа дейін қалың көрерменге беймәлім болып келген сәттер де көрсетіледі.

«Стивен Хокинг әлемі» (The Theory of Everything), 2014

Цитата: «Біз әртүрліміз, өмір қаншалықты қиын болып көрінгенімен, әрқашан сіз жасай алатын, сізді жетістікке жеткізетін дүние бар. Өмір бар жерде үміт бар. Кейде тек берілмеу керек».

Ең ұлы сезім махаббат пен әлемді өзгерткен жаңалықтар тарихы. Көпшілік космолог ғалым, физик Стивен Хокингтің ғылым әлеміне зор үлес қосып қана қоймай, оның ауыр дертке шалдығып, өмір бойы онымен күресіп өткенін жақсы біледі. Оның жетістіктері мен ашқан жаңалықтарынан да хабардар. Алайда ғалымның жеке өмірі, оның әйелімен қарым-қатынасы және отбасы туралы біле бермейді. «Стивен Хокинг әлемі» өмірбаяндық драмасында біздің заманымыздың көрнекті тұлғасы Стивен Хохингтің өмір тарихы баяндалады.

Жас физик-студент Стивен Хокинг университет қабырғасында жазушы, лингвист Джейн Уайлдпен танысады. Оқу орны профессорлары Стивеннен көп үміт күтеді, тіпті оны ағылшын космологиясының болашағы деп санайды. Сөйтіп студенттік кезеңнің ең бір көңілді шағында жүргенде Хокингке емі жоқ диагноз қойылады. Дәрігерлер оның өмірі 2 жылдан кейін үзілуі мүмкін екенін айтады. Бірақ ештеңеге қарамастан, Стивен жұмысын жалғастырды, өмірді сүйді, өмір сүруге деген құштарлығы артты. Қиындыққа мойымай, өзіңе сенім артып, мақсатқа жетуге болатынын оның ғажап өмірі мен тәжірибесі көрсетіп берді.

Томирис, 2019

Цитата: «Сен қанға шөлдедің, патшалардың патшасы! Енді тойғанша іш!»

«Томирис» тарихи драмасы парсылардың ұлы патшасы Кирді жеңіп, ежелгі әлемде кеңінен танымал болған сақ көшпелі тайпасының ұлы патшайымы Томирис жайлы баян етеді. Фильмде біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі кезең суреттеледі. Ол бала кезінде ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Томирис сол кездегі ықпалды тайпалардың бірінің көмегімен аман қалады. Кішкене күнінен өзін қорғау үшін ғана емес, тайпасы мен халқын қорғау үшін садақ атумен қатар жекпе-жек өнерін де меңгереді. Томирис есейе келе дала тайпаларын біріктіріп, заң бойынша өзіне тиесілі тағын қайтаруды мақсат етеді. Алайда ол алдында сақ тайпасын жойылып кетуден сақтап қалу міндеті тұрғанын сол кезде білмеген еді....

«Ганди» (Gandhi), (1982)

Цитата: «Егер әлемді өзгерткің келсе, өзің сол өзгеріске айнал».

«Ганди» биографиялық фильмі өмір жолы қиындыққа толы болса да, отаны Үндістанның азаттығы үшін күресіп, аты аңызға айналған көрнекті тұлға Махатма Гандидің өмірі мен қызметі жайлы баяндайды. Ол 1869 жылы дүниеге келгенде Үндістан Британияның отары еді, ал Ганди өмірден өткенде Үндістан мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізді. Ол ақиқат пен шындыққа тек бейбіт жолмен күресу арқылы жетуге болатынын дәлелдеді. Өйткені зорлықтан тек зорлық-зомбылық туатынын жақсы түсінді.

Оның сөздері мен үндеулерін миллиондаған халық естіп, соңынан ерді. Халқының азаттығы үшін күреске бар өмірін арнаған Махатма Ганди арманына жетіп, 1947 жылы Үндістанның азат мемлекет мәртебесін алған сәтін көреді.

«Темір ханым» (The Iron Lady), 2011

Цитата: «Ешқашан көпшіліктің соңынан ерме, әрдайым өз жолыңмен жүр».

Фильм «саясат әйелдердің ісі емес» деген қоғамдық стереотипті тас-талқан еткен Ұлыбританияның тұңғыш әйел премьер-министрі Маргарет Тетчердің өмірін баяндайды. Өзінің өткір сөздері арқылы «темір ханым» атанған ол абырой мен атаққа ғана емес, ұлтының сүйіспеншілігіне бөленген Еуропа еліндегі алғашқы премьер-министр әйел болды. Оқиға оның Ұлыбританияның премьер-министрі болғанға дейінгі өмірі мен қартайған шағына дейінгі кезеңді қамтиды. Онда «темір ханым» билігінің негізгі кезеңдері мен британ халқы үшін шешуші рөл атқарған маңызды оқиғалары көрсетіледі.

Тетчер басқарған уақыт ішінде әлем түбегейлі өзгерді. Фолкленд соғысы, шахтерлердің ереуілі, қонақүй жарылысы, Берлин қабырғасының қирауы кезінде Маргарет Тетчердің рөлі арта түсті. Британияның тұңғыш әйел премьерінің өміріне негізделген бұл фильм әр адам қарауға тиіс ең үздік фильмдердің қатарында.

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар