«Томирис» түсіріліміндегі кадрдан тыс көріністер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Атышулы «Томирис» картинасының жұмыстары аяқталуға жақын. Түсірілім тобы бастан кешірген қиындықтар мен қызықтарды ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.

Бүгін «Томирис» фильмінің түсіріліп жатқанына 89-шы күн. Екі күннен соң түсірілім тоқтайды. Қазақстандықтар тарихи картинаның тұсаукесерін келер жылы көктемде тамашалай алады.

«Бұл ұлы дала патшайымы - аңызға айналған Томиристің өмір тарихы. Қай сахнаны алып қарасақ та  өзіндік маңызға ие. Әзірше жоспар бойынша жүріп келеміз, ауа райына байланысты кедергілер  болды. Алайда кестеден кешігіп жатқан жоқпыз. Үзіліс алған уақыттар бар, қайтадан жұмысты жандандырдық. Фильмді Қазақстан аумағында ғана  түсірдік. Америкалық әріптестеріміз кино түсірген Марокко жеріне бару ойымызда болған. Бірақ ол жаққа алдын ала біздің тарихшылар мен кеңесшілер барып, көріп келгеннен кейін өз елімізде түсірген ұтымдырақ деп шештік. Декорацияның көбін компьютердің көмегімен толықтырамыз»,-деді фильм режиссері Ақан Сатаев. 

Басты рөлдегі  патшайымды сомдауға ниет білдірген 15 мың сұлудың ішінен Альмира Тұрсын таңдалған еді. Бұл оның кинематографиядағы алғашқы қадамы. Альмираның сөзінше, оған сценарийдегі көне түркі тілінде жазылған мәтінді жаттау қиынға соққан.

 «Бұған дейін мені сериалдар мен жарнамаларға түсуге шақырған. Көбісіне қызығушылығым болмады.  Бұл рөлге үміткер ретінде мені ғаламтор арқылы тапқан. Кастингтен кейін «Томиристі»  сомдауды сондай қаладым, бірақ сыннан өтетініме аса сенімді бола қоймадым. Үміттеніп жүргеніммен бұл рөлге таңдалғанымды естігенде қатты таң қалдым. Түсірілім басталмастан 2 ай бұрын атқа мінуді, семсерлесуді, ұрыс тәсілдерін үйреніп, аттан түсіп қайта мінуге жаттықтым. Осының бәрін лайықты орындауға тырыстым»,-деді Альмира Тұрсын. 

Журналистер түсірілім алаңына келгенде актерлер Аргунның Кир патшасына келіссөз жүргізуге келген сәтін сахналауға дайындалып жатты. Өкінішке орай патша рөліндегі голливуд актері Гасан Масудовты әңгімеге тартудың реті келмеді.  Араб-армиян актерінің өнері туралы қазақстандықтар жақсы пікірде. Харизма мен қарапайымдылығымен дараланатын араб-армиян актерінің өнеріне қазақстандықтар жоғары баға берді.

 «Кир патшамен болған сахналарды ашып  айта алмаймын. Барлығын фильм тұсаукесерінен білетін боламыз. Ол топтағылармен бірден тіл табысып, жақын араласып кетті.  Қапшағай аумағында  біраз сахнаға түсті. Қазақфильм ғимаратында да  «хандық орнаттық». Біз мұнда Алматы циркінен барыс алдырдық. Шетелдік актер біздің елге, декорациямызға деген таңғалысын жасырмайды»,-деді фильм режиссері.

Соңғы жаңалықтар