Төменгі қабаттың тұрғындары лифтіге ақша төлеуге міндетті ме

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші және екінші қабатында тұратын пәтер иелері лифт үшін ақша төлеуге міндетті емес. Бұл мәселені олар жалпы тұрғындар жиналысында өздері шешеді. Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Методология және өңірлік даму департамент басшысы Марғұлан Әбдікәрімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 7 қаңтарында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы» заңға түзетулер енгізілді, онда барлық пәтер иелері ортақ мүлікті күтіп ұстауға міндетті. Соның ішінде лифті де бар. Расында, төменгі қабаттағы тұрғындар жеделсатыны қолданбайды. Сондықтан төлемақыға қатысты мәселені тұрғындар жалпы жиналыста өздері шешеді», -дейді Марғұлан Әбдікәрімов.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бірінші және екінші қабаттың тұрғындары лифт үшін ақша төлейтіні жөнінде мәлім еткен еді.

«Олар да ақша төлейді. Себебі үйдің меншігі бар. Оны бөлу мүмкін емес. Заңнамаға сай, баспалдақ, қасбет, шатыр, инженерлік коммуникациялардың бәрі де – үйге ортақ меншік екені нақтыланған», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар