Төменгі буын әкімдерін қызметтен босату аудандық мәслихаттың келісімімен жүзеге асуы керек - Қ.Өскенбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Төменгі буын әкімдерін қызметтен босату аудандық мәслихаттың келісімімен жүзеге асуы керек. Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев осылай мәлім етті. Кеңес жұмысында еліміздегі өзін-өзі басқару тұжырымдамасын дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні аудандық маңызға ие қалалар, ауылдық округ пен ауыл әкімдерін тағайындау және лауазымынан босату мәселесін қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.

«Өйткені, ҚР Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, төменгі буын әкімдері тиісті аудандық мәслихат депутаттарымен сайланады, ал оларды лауазымынан босатуды аудан әкімі облыс әкімінің келісімімен жүзеге асырады. Біздің министрлік жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын сараптай келе, әкімдерді жұмыстан босату тетігінің ашықтығын арттыру мақсатында, төменгі буын әкімдерін қызметінен босатуды тиісті аудан мәслихаттарының міндетті келісімімен жүзеге асыру процедурасын енгізуді дұрыс деп санайды», - деді Қ.Өскенбаев.

Айта кетерлігі, бұл ретте вице-министр төменгі буын әкімдерінің сайлауынан кейінгі бір жыл ішінде олардың 30 пайызы аудан әкімдерінің шешімімен мәслихаттың келісімінсіз-ақ жұмысынан босатылатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар