Толық емес отбасылар жалға алатын баспана субсидиялануы мүмкін

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова толық емес отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Толық емес отбасылардан өтініш көп түсіп жатыр. Әсіресе, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ресурстардың тапшы болуына орай, биыл бізге 51 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат шамамен 5 мыңға жуық отбасыға жетеді. Бұл ретте маусым-шілде айларында 35 мың отбасы өтініш білдірген», - деді Ләззат Ибрагимова Сенаттағы Үкімет сағатында.

Бұл тұрғыда банк толық емес отбасыларға жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау ұсынысы туралы айтты.

«Жалға алу төлемдерін субсидиялау түрінде көмек алуға құқығы бар санаттардың тізбесін «толық емес отбасылар» санатымен толықтыру ұсынылды», - деді «Отбасы банкі» басшысы.

Оның айтуынша, бағдарламаға табысы жоғары адамдар қатыса алмайды.

«Бұл қадам халықтың осы санатындағылар арасында әлеуметтік шиеленісті төмендетеді. Себебі олар «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылғанына әлі де наразылық білдіріп жатыр. Дегенмен бұл санаттағы адамдар «Шаңырақ» бағдарламасы аясында қамтылып отыр және 5 пайызбен несие ала алады», - деді Ләззат Ибрагимова

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор Серік Шайдаров толық емес отбасы санатындағыларға баспана беру мәселесін көтерді.


Соңғы жаңалықтар