Төлеутай Рақымбеков штабының басшысы Таразда студенттермен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясынан атынан Президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтың республикалық қоғамдық штабының басшысы Әли Бектаев Тараздағы инновациялық-гуманитарлық университетте болып, үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш ЖОО ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлайды және осы бағыттағы ғылыми жұмыстарды атқарады. Ал, «Ауыл» париясының үміткері ең алдымен осындай білім ордаларына қолдауды күшейту керектігін негізге алған.

«Біздің кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы ең негізгі мәселе де осы. Ғылым мен өндірістің, одан кейін білім, оқу жүйесі мен өндірістің тікелей байланыста болуын қадағалайды. Жастарды тек қана теориямен сусындата алмаймыз. Алған білім ары қарай өндіріске енуі керек. Өндіріс дамуы керек», - деді Әли Бектаев.

Университет қабырғасында өткен жиынға тек білім ордасының студенттері мен қызметкерлері ғана қатысқан жоқ. Жамбыл облысының түкпір-түкпірінен, әсіресе, шалғай ауылдардан сала мамандары келді. Көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Бағдарламаның ауыл тұрғындарының тұрмысына, шаруашылығына және әлеуметтік мәселелеріне қатысты тетіктерімен танысты.

Айта кету керек, Төлеутай Рақымбековтың бағдарламасы тек ауыл шаруашылығын дамытумен ғана байланысты емес. 4 бөлімнен тұратын тұғырнамада ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, отбасылық құндылықтарды сақтау және жастар саясатын жүйелеу сияқты бағыттар да қамтылған.

Соңғы жаңалықтар