Төлеутай Рақымбеков «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының нәтижесін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауыл» партиясының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді. Шара барысында Төлеутай Рақымбековтің айтуынша сауалнамаға бүкіл республика бойынша 212 658 қазақстандық қатысқан.

«Партиялық актив сауалнама негізінде 14 проблеманы айқындап алды. Олардың ішінде жетеуін сауалнамаға қатысушылар 100 пайыз ең өзекті мәселе ретінде көтеріп отыр. Олар: шетел азаматтарына жердің жалға берілуіне және сатылуына тыйым салу, жаңа әлеуметтік саясатты құру, әр балаға жәрдемақы беру, ауылды елдімекендерде оңтайландыру жылдарында жабылып қалған медициналық мекемелердің жұмысын жандандыру, бүкіл ауылды, оның ішіндегі шалғайдағы ауылдардың барлығын интернетпен қамтамасыз ету, шағын, орта бизнес өкілдері мен фермерлерге 2-4 пайызбен несие беру, сонымен қатар олардың коммуналдық шығындарын субсидиялау, шетелден келетін қандастардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын жеңілдету, тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап қаражат жұмсауды тоқтату», - деді Төлеутай Рақымбеков.

Оның айтуынша респонденттер 14 сұрақтан басқа, өздерін алаңдатып жүрген проблемаларды да көрсеткен. Соның ішінде 17 854 бюллетеньде қосымша мәселелер көрсетілген. Мысалы, 1000-нан астам адам сауалнамадағы 10 проблемалық мәселені белгілеген. Олар:

1. Ауыз су, газбен жабдықтау, интернет бойынша - 3 671 ұсыныс;

2. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдауды жетілдіру, несиелер мен субсидиялардың қолжетімділігі, кооперация негізінде әділ бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және өткізу жүйесін құру – 2 787 ұсыныс;

3. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның өсуіне және құрамында ГМО бар өнімдерді сатуға жол бермеу;

4. Ипотеканы төлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда тұрғын үйді кейін сатып алу мүмкіндігін қарастыра отырып жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыру. 2 758 респондент осындай ұсыныс жасады;

5. 2 448 респондент жастар үшін жұмыс орындарын ашуды, оның ішінде зейнеткерлік жасты төмендету арқылы оны көбейтуді ұсынды.

6. Пандемияға байланысты қызметін шінара немесе толық тоқтатқан кәсіпкерлерге 2 жылға дейін несиелік демалыс беру туралы 2 141 респондент ұсыныс жасады.

7. 1 793 респондент тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізу және кәсіпкерлік қызмет үшін кредиттер бере отырып, жұмыс күші артылған оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру туралы айтқан.

8. Студенттер үшін автобустарда, пойыздарда және ұшақтарда жүру тарифтерін 30 пайыздан бастап 50% - ға дейінгі жеңілдікті қалпына келтіру туралы 1 974 респондент ұсыныс жасаған.

9. Спорт алаңдары мен стадиондар салу, әр ауылда Денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін қалпына келтіру бойынша – 1 174 ұсыныс.

10. Суармалы және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалану туралы 2 171 ұсыныс түсті.

Сауалнама жүргізу кезінде қоғам мен мемлекеттің ең өзекті проблемалары ретінде көрсетілген бұл ұсыныстар міндетті түрде партияның бағдарламасына енгізілмек.



Соңғы жаңалықтар