Төлеутай Рақымбеков Алматы облысында жергілікті шаруалармен кездесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Алматы облысына сапары барысында жергілікті мамандармен бірқатар мәселені талқылады. Сондай-ақ, үміткер Алматы облысындағы жуырда ашылған агропарк пен салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен кездесті. Бұл жөнінде партияның баспасөз қызметі хабарлады.

2008 жылы Қарасай ауданы Көлді ауылында еліміздегі ең алғашқы ауыл шаруашылығы бойынша білім тарату орталығы ашылған болатын. Содан бері жергілікті шаруалар салаға қатысты бастамаларымен осында танысады. Кейін іске асырып, өнімін еселегендер де бар. Кейде керісінше шаруалар өз мәселесін айтып, мамандар оның шешімін іздеп жатады.

Төлеутай Рақымбеков осындай мекемелерді еліміздің барлық аудан орталығында ашу керектігін айтты.

Ал, «Оңтүстік» агропаркі өткен жылы ғана жұмысын бастады. Ол алдыңғы білім тарату орталығының тәжірибе алаңы деуге болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың айтуынша, осындай кешенді шаралар арқылы ғана саланың дамуына тың серпін беріп, әлемдегі аграрлы елдермен бәсекелесе аламыз.

Бұған қоса, үміткер авиацияның саладағы маңызы туралы айтып берді. Әсіресе, мыңдаған гектар аумақты бақылауда ұстап, қажетті шаралар қолдану үшін осындай техника, ал, шағын егіс алқаптарына дронды пайдалану қажет. Жалпы замануи жабдықтардан қашпау керек. Оны қолданғаннан шаруаның ұтары көп екенін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар