Төлеутай Рахымбеков аграрлық 19 ЖОО-ны қысқартуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл шаруашылығы саласын кадрмен толық қамту үшін қазіргідей 22 емес, 3 аграрлық университет жеткілікті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Төлеутай Рахымбеков кеңес отырысында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аргентина, Бразилия, Израиль секілді елдер инновацияны кеңінен қолдану арқылы ауыл шаруашылығы саласында нақты жетістіктерге қол жеткізді. Нәтижесінде осы елдер азық-түлік импорттаушыларынан экспорттаушылардың әлемдік көшбасшыларына айналды. Қазақстан да осы елдер сияқты бола алады. Ол үшін ауыл шаруашылығын ғылыми қолдауға және жаппай жұмысшылардан бастап жоғары білімі бар мамандарға дейінгі кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда оқыту сапасы мен оқу бітіргеннен кейін жұмыспен қамтудың төмен деңгейіне қатысты көптеген сын айтылады. Бұл проблемаларды шешу үшін ЖОО-ларды профильдеу керек деп есептеймін. Менің ойымша, саланы қажетті кадрмен қамтамасыз ету үшін қазіргідей 22 университет емес, үш аграрлық университеттің мүмкіндігі толығымен жеткілікті», - деді Төлеутай Рахымбеков Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.

Оның айтуынша, түлектерді мамандығы бойынша жұмыспен қамту үшін Президенттің жеке, қосалқы шаруашылықтарды дамыту туралы тапсырмасын іске асыруға - тұтастай ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің кооперациясы мүмкіндік береді.

«Кооперативтер ауылды дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі бола алады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар