Төлен Әбдік Түркі дүниесінің таңдаулы жазушысы атанды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркияның Ескішаһар (түрікше - Эскишехир) қаласында халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Түркі дүниесінің әдебиет журналдарының VI Конгресі болып өтті.

Аталмыш шара қырым-татар ағартушысы Ысмайыл Ғаспыралының 100 жылдығына орайластырылып, жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Иран, Ирак, Қырғызстан, Өзбекстан, Дағыстан сынды жалпы 16 мемлекеттің әдебиет журналдарының өкілдері қатысты. Қазақстанның атынан шараға ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері Төлен Әбдік, Жұмабай Шаштайұлы, Несіпбек Айтұлы қатысқан болатын.

Айта кетерлігі, жазушы Төлен Әбдіктің ең танымал кітаптары 13 түркі тіліне аударылған болатын. Осыған орай Қазақстан жазушысы бұл шара аясында 2013 жылы «Түркі дүниесінің таңдаулы жазушысы» атағына ие болып, салтанатты түрде марапатталды.

Конгрестің ашылу салтанатында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, ТҮРКІСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ескішаһар қаласының губернаторы Гюнгор Азим Туна және Еуразия Жазушылар одағының басшысы Якуб Өмероғлу сөз сөйледі.

ТҮРКІСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, аталмыш шараның маңыздылығын атап өтіп, оның қорытындысы бойынша Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттерінің ортақ «Түркі дүниесі Жазушылар одағын» құру үдерісі іске асырылатының баса айтты.

Елші Ж.Түймебаев Түркі Кеңесінің түркітілдес мемлекеттерінің мәдениетін сақтап қалудағы атқарылып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, сонымен қатар Ескішаһар губернаторы Г. Тунаның тек түркі дүниесінің мәдени қатынастарының дамуына ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығының және достығының нығаюына қосқан үлесін де атап өтті.

Сонымен қатар, Конгресс аясында «Түркітілдес әдеби журналдарының іс-қимыл мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, әдебиет саласын дамыту, түркі тілдеріне аудармалар, әдебиет және әдеби журналдардың өзара қарым-қатынасы мен іс-қимылы, адамгершілік және рухани мәселелері бойынша көптеген мәселелер талқыланған болатын.

Соңғы жаңалықтар