Төлеген Мұхамеджанов: Өмірім де, өнерім де – махаббат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ең әуелі сөз болған... Сол сөздің өзі ғажайып үнмен төгіліп, сыңғыр ете қалған шығар-ау! Сонау заманалар қойнауына үңілсеңіз қай халық та, қай өркениет пен алып империялар да соңына таңғажайып мұрасын қалдырып отырған. Адам ­баласы жүріп өткен әрбір жолда, сүрлеуде, соқпақта, «ойлы-қырлы жерлердің» барлығында тылсымға толы әуенін қалдырып кеткендей. Байырғының арманы мен аңсарын, болмысы мен бітімін, мұраты мен мақсатын ұққыңыз келсе, оның әуеніне құлақ қойыңыз. Олар ойлап тапқан музыкалық аспаптардың құрылысына, саз төгілген сипатына назар аударыңыз…Кейіпкеріміздің жаны мен бар болмысы осындай. Ол халқының жан дүниесін музыка әуенімен тербеткен әйгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов.

Сұхбатымыз да сондықтан сан сырлы әрі сан қырлы.

- Жүректің нәзік қылын шертетін шығармаларыңызды жұртшылық жақсы көреді. Қазір не жазып жүрсіз?

- Бір күн бос отырмаймын. Жақында Мәскеуден аспапты музыкалық 14 шығармам енген дискім шықты. Одан кейін тағы сол Мәскеуден Жан Луна деген бүркеншік атпен орыс тілінде екі томдық жыр жинағым жарық көрді.

- Биыл бәрімізге қиын тиді. Әлемді жаулаған пандемия өмір салтымызды күрт өзгертті. Үкімет 65 жастан асқандар үйден аттап баспасын деді. Жетпістен асқан ағамның жағдайын сұрағым келеді?

- Расында да ешкім күтпеген жәйт. Ғылым мен технология дамыған заманда адам баласы бір індеттен пана таба алмай қалады деп кім ойлапты. Жыл сайын қыс түскенде, елде наурыз айы туғанша Түркияға кетіп қалатынмын. Жаным жылылықты қалайды. Жылылық шығармашылығыма шабыт береді. Менің өмірім де, өнерім де – махаббатқа толы. Ал, махаббат жылы да ыстық сезімдермен шынайы. Адам жаны ешқашан қартаймайды. Ал, тән қартаймауы үшін спортпен айналасу керек. Кемерде теңізді жағалай күн сайын он шақырым жүгіретінмін. Шет елде спорт, денсаулықты баптау фанатизм деңгейінде. Сол теңіз жағалап, күнде жүздеп жүгіретіндер менің қазақ екенімді, жетпістен асқанымды білгенде қайран қалатын. Өзім де елімді мақтап, бізде жүгіру өмір салты деймін ғой. Мына коронавирус келген соң, биыл шет ел аспадым. Жақсылық та, жамандық та халқыңмен бірге көр деген. Сосын жүгіруді қойдым. Күнде таңертең және кешке қарай Есілді жағалап он шақырым жүремін. Кейде маған Нұржамал да серік болып ілеседі. Солай бауырым.

- Жастарға ғана емес, бар замандастарыңызға айта жүрер үлгілі іс екен. Өмір жалғаса бермек. Ауылда мектеп мұғалімі болып жүріп, Алматыға келген бірер жылда Опера және балет театрының директоры болдыңыз. Астана әкімнің орынбасары кезіңізде, жаңа елордамыздың мәдениетінің көркеюіне басшылық жасадыңыз. Мәжілісте, сосын Сенатта депутаттық мандат иелендіңіз Ұзақ жылдар жастармен жұмыс істеп, жол сілтедіңіз. Мәдениет пен өнер саласында іргелі, ел көңілінен шыққан шаралар ұйымдастырып орнықтырдыңыз. Азамат ретінде ел алдындағы парыз бен қарызыңызды толық өтедім деп өзіңізге есеп бере аласыз ба?

- Менің бала күнімнен өмірдегі арманым өнер жолында жүру ғана болды. Содан жас шағымнан музыкаға жақын болып өстім. Алғашқы алған жоғары білімім тарихшы мамандығы болса да, Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның композиторлық бөліміне оқуға түстім. Музыканың қыр-сырын игердім. Одан әрі білімімді ұштау үшін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірдім. Міне, осы жолдың бәрінде мені өнер алға жетелеп отырды.

Өткеннің есігін қайта ашу мүмкін емес, жадыңның көмегімен ғана оған әлсін-әлсін көз жүгірте аласың. Сондықтан да бар айтарым қайда жүрсем де елге кішкентай болса да адал еңбек ету парызым деп санадым.

- Өнердегі ірі тұлғасыз. Қай қызметіңіз көңіліңізден шықты. Жаныңыз бен жүрегіңізді салып істеген қызметті атай аласыз ба?

- Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезім, менің өмірімдегі ең қымбат, ең ұмытылмас шақ. Сол жылдары шығармашылықты тоқтатсам да ешбір өкінбедім. Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын, жаңа астанасын жасадық. Тәуелсіздік - тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік дейді. Бұл қасиетті жолда ғұмырыңды қисаң да өкінбейсін. Саған айтайын, ол кезде қалада ешқандай творчестволық ұжым болған жоқ. Ақмола облыстық филармониясы ғана жұмыс істеді. Міне біз тыңнан сүрлеу салдық. Күн-түн демалыссыз қызмет еттік. Енді бүгінгі Нұр-Сұлтанға қараңыз. Күн сайын жиырма шақырым Есілді жағалай жүргенде осы ғаламатты көріп қайран қаламын. Ұлт жұмылып рухтанса алынбас қамал жоқ.

- Мұны мен де көзіммен көрдім. Жаңа елордаға Сізден үш айын бұрын көшіп келгенмін. Әлеуметтік желіде ойларыңызбен жиі бөлісесіз. Сенатор болғансыз. Сенатордың бұрынғысы мен бүгінгісі болмайды, ол мәңгілік атақ дейді. Сол әлеуметтік желіде бүгінгі сенатор әріптесіңіз, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы да келелі пікірлерін жиі жариялайды. Былай депті: «Саясатта жүрген соң жалпы әлеуметтің көңіл-күйін, болып жатқан қоғамдық құбылыстарға көзқарасын білу үшін әлеуметтік желіге кіресің. Алуан түрлі пікір, аспандата мақтау мен жер-жебіріне жеткізетін даттаур, кішкентай Алғыс хаттан бастап мемлекеттік наградалар алған суретін өздерін-өзі жарнамалап тұрған адамдар, кішкентай қызметтен үлкен лауазымға тағайындалған адамдарды танысын-танымасын жапа- тармағай құттықтау, әйтеуір мен үшін құны көк тиын жиіркенішті пенделік дүниелер... Салмақты, адамға ой салатын салыстырмалы сараптау материалдар қазақ тіліндегі желіде тым аз. Керісінше, орыс тілінде жан-жақты сарапталған пікірлер көп жазылады. Неге бұлай? Бәлкім ерте ме, кеш пе бұдан да өтерміз...» Сіз осы пікірге не дейсіз?

- Мен бүгінде саясатта емеспін. Ескі күндерден есімде қалған бір естелік. Елорда әкімінің орынбасарымын. Әкіміміз Әділбек Жақсыбеков басқа қызметке ауысарда өзіне шақырды. Сонда: «Төке, мына бір мәселені түсінбей барамын. Талай азаматтарды шақырып, үй беру керек, қызмет беру керек – керемет талантты дедіңіз. Қолдадым. Басқа да жігіттерге қолғабыс жасау міндетіміз деп жүгіресің. Саған айтайын, солардың кейбірі былай ел алдында көз қылып сені мақтағанмен, маған жеке сұранып кіргенде жамандай жөнеледі. Неге солай?». Не дейін. Бұл әр пенденің шыр етіп дүние есігін ашқанда маңдайына жазып қойған пешенелік таңбасы болар.

Сенат деген қасиетті де, өте салиқалы тұлғалар жиналатын орын. Бұрын да емес, одан кейін де емес тек сенатор болып жүргенімде түйдек–түйдек ойлар санама оралып, біршамасын қағазға түсіргенмін. Әлі ешқайда жариялаған жоқпын. Талай ойым сол кезде қағаз бетіне түскен...

Мемлекеттік наградаларға келсек, шығармашылық адамы үшін ең биігі Мемлекеттік сыйлық. Сол Мемлекеттік сыйлықты мен ешкімнен сұрамадым. Мемлекет өзінің әлеуметтік тұрғыдағы міндеттемелерін жүзеге асыру үшін еңбегімді бағалап берді.

- Семей полигонына қатысты ғой. Бүкіл ел жырлап-зарлаған әйгілі әніңіз, симфония?

- Сол. Өздері бағалады, өздері сыйлықты берді. Ешкіммен сұрамадым, ешкімге бармадым. Құжатты да өздері толтырды.

- Елдіктің жолында өзіңнен зор талантты құрметтей білу — биік адамгершілік, өзіңмен теңге құлақ асып, қызмет етіп, тілек тілесе білу – ұлы адамгершілік деген сөз бар.

- Құнанбайдың Абайға айтқаны һәм ұлының жауабын тыңда. «Дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйірілмейді.

...Ел болатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз.
Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «әй» десе өргізіп, «шәйт» десе жусататын болған.

Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады.
Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді.

Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады... Жанашырлығы бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады...»

Абай атамыздың мындай да асыл сөзі бар:

«Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың,арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын»

Түсініспеушілік – ешқашан алынбас әрі еңсерілмес қамал.

- Ағалық ілтипатпен сенатор болып жүргенімде жазғанымды өзіңе бердім.

- Мұны «Төлегеннің терең ойлары», - деп оқырмандарымызға ұсынсақ.

- Оқырман сіздердікі, сөзім менікі болғанмен елге арналған ойларым. Өзің біл.

Төлеген Мұхамеджановтың терең ойлары

Материалдық байлықты жинау барысында адамның жаны кедейлене түсетіні өкінішті-ақ..., себебі дене топыраққа сіңіп жоқ болады, ал жан – мәңгілік.

Айтылмаған сөз – тордағы құспен тең.

Әркімнің өмір жолы әрқилы, тек ғұмырдың соңы барлығында біреу ғана.

Әуен – құдайдың тілі, себебі дәл әуенде оның өсиеті төгіледі.

Ең қымбат қазына – ілім және жиналған білім.

Жүрегіңнің қанатын жай, сонда жаның жадырап көкке самғайды.

Құдайды көру қаншалықты мүмкін емес болса, соншалықты одан жасырыну мүмкін емес.

Алтын тордағы құс алтынға малынып өмір сүреді, алайда еркіндікпен аспанда қалықтап ұша алмағандықтан, құс болудан қалады.

Орнында тұрған сүрінбес.

Әркімде жүрек бар, бірақ барлығында ол құдай сыйлаған жанмен бір ырғақта соға бермейді.

Даналық жағалауы – білім мұхиты мен еңбек тауларының арғы жағында.

Өткенді еске алып, бүгінгі күнмен өмір сүріп отырып, мынандай ойға келесің: тарихты көшіріп жазуға болады, бірақ, оны жадыңнан өшіру мүмкін емес.

Күнделікті күйбең тіршіліктің арғы жағынан күн сайын, сағат сайын, минут сайын жаныңда болып жатқан оқиғаларды байқау қиын, ол үшін бір сәтке тоқтап, ойлану қажет.

Шындық – екі жағы шектелген үшкір таяқ, онда ақиқат жоқ, ақиқат одан жоғары.

Адам өз ғұмырын ісімен, тірлігімен не ұзартады, не қысқартады.

Бір-бірін шын көңілмен түсінуге тырыспағандар кейде жай пікірталасқа ғана емес, дауға да барады.

Қарапайым адамның ақымақтығы күлкілі әзіл болуы мүмкін, ал басқарушының ақымақтығы күллі халық пен мемлекет үшін қайғылы.

Бізге қоршаған әлемді Жаратушының берген құдіретті сыйындай сүюді үйрену керек.

Лакмус қағазындағыдай, мемлекеттің кемшілігі мен артықшылығы оның жолында көрінеді.

Құдай адамдар үшін көптеген тілдерді жаратты, ал әуенді өзіне қалдырды.

От жалыны жылу бергенде көркемдігімен таң қалдырады, өрт кезінде үрей тудырады.

Екеуміздің қайсымыз қонақпыз, бұл әлемдегі мен бе, әлде менің санамдағы әлем бе?

Жарылғыш затты жарып, адамдарды өлтіру үшін сұмпайы, алдымен, өзіндегі адамдықты өлтіріп, жеккөрініштен өзінен тарайтын жауыздықты өсіреді.

Бойыңа шаңның тозаңындай ренішті де кіргізуге болмайды, ол геометриялық прогрессия заңымен өсіп, өшпенділікке айналады.

Түсініспеушілік қамалын тек түсіністікпен алуға болады. Ксенофобияны тудыратын мәселелермен күреспей, оларды шешу керек.

Басқаларға ақыл үйретуге тырысып баққан адамдар таң қалдырады. Осы орайда: оған қанша данагөй деп айтсаң да, аузын ашса, өзінің ақымақтығын дәлелдейді.

Әрбір адам өзі қалаған өмірін сүруге лайықты.

Байлық өзінің сыртқы жалтырымен адамның көзін кернеп алады, сондықтан ол айналадағы әлемнің көркемдігін көруді тоқтатады.

Тек ажал өлімсіз.

Бірлігі жоқ халық әр түрлі әккі жандар үшін оңай олжа, олар сондай халықтың есебінен байып қана қоймай, кейіннен билік жүргізеді.

Отаны жоқ адам терегі жоқ жапырақ тәрізді.

Ар – құнсыз, арсыздық қана сатылады.

Мейірімсіз билеуші мен әміршінің қасыреті – оның шындықты ести және көре алмауында, соның салдарыннан, ол ақиқатты білмейді.

Сансыз рет құлауға болады, алайда тек қана бір рет көкке самғай аласың.

Құлсыздық пен еркіндікке деген құштарлықты жоғалтқан адам өзінің еріксіздігінің құлы болмақ.

Шектеулік – ол өз сеніміңнің көкжиегінің ар жағына көз салуға мүмкінсіздік.

Терісті мойындамау ақиқатқа әкелер жол емес, себебі кез-келген теріс пікірде бір тамшыдай ақиқат болуы мүмкін.

Мақсатсыз адам өмір өзені белгісіздікке ағызып келе жатқан жоңқа сынды.

Өзіңді, өзіңнің еңбектеріңді көтермелеме, мұнымен сен өзгелерді кемсітесің, өзгелердің еңбектерін бағала, сонда олардың өздері сені асқақтатады.

Құдықтың тереңдей берген сайын оның суы тазара береді, сол сияқты жан-дүниеңді көбірек қазбалай берген сайын, қателіктерің азая береді.

Шындықты жасырсаң – жалғанға тап боласың.

Ақымақтықсыз кемеңгерлікке жол жоқ, тек жаңылыстар шеңберінде даналықты тануға болады.

Жас – сенімге негізделген түсінік, өткерілген өмір оның ұзақтығымен емес, сапасымен өлшенеді.

Өзіңді ұлықпен салыстыр, кім екеніңді түсінесің.

Өзіңді тану үшін әлемді таны.

Жеккөрушілік, сүйіспеншілікті жеңіп, зұлымдық атты зор қателіктер жасайды.

Таза қағаздың беті қандай бос болса, дәл солай білімсіз адам да бос.

Жемқорлық ұрлықтан да сорақы. Ұры тек қылмыскер. Жемқор – ұры да, билеуші де, төреші де, өзінің нағыз жүзін ізгілік бетпердесімен жасырған.

Махаббатта өзіңді сүю - өзімшілдіктің ең жоғарғы көрінісі.

Дене фәнилік, ал жан мәңгілік.

Ешқайда апармайтын жол белгісіздікке әкеледі.

Аспан күндіз жетім, кешке жұлдыздарын жағып жарық боп көрінеді, барлық кінә өз сәулесімен көзді шағылыстыратын күнде. Сол сияқты, билік, егер ол аса құдыретті болса, біздің санамызды бүркейді, және біз айқын шындықты көрмейміз.

Жапырақ, ағаштан үзіліп бара жатып, «Қалықтап жүрген қандай керемет!», - деп ойлайды, оны жерге қонғаннан кейін не күтіп тұрғанын түсінбестен. Не боларын кейіннен ғана түсінеді.

Орындалған арман, дағдылы күнге айналады.

Өзімен өзің боп атамекеніңде тоқ әрі бай болып өмір сүруің мүмкін, бірақ бақытсыз боласың. Немесе атамекеніңмен өзіңнің жүрегіңде өмір сүріп, бақытты болуың мүмкін.

Ұлтшылдық, ұлтжандылықтан алыс түсінік, себебі ол өзіне басқа халықтардың мүдделеріне қарсы келіп, мемлекеттің іргетасына сызат түсіретін бірегейліктен туады.

Елін әржаққа «Халқымды сүйемін!», деп жар салған адам емес, әр күн сайын қоғамның қамы үшін өз жұмысын үнсіз атқаратын адам сүйеді.

Өзімшілдігіңнің мұздықтарын ерітіп, оларды халыққа махаббат пен ізгіліктің бұлағы ретінде сыйла.

Ең пәк, әрі көркем бастама мен оқиғаның өзінен, онда жоқ нәрсені – өзінің рухани кемістігін тауып, көре алатын адамдар таң қалдырарлық.

Соңғы жаңалықтар