Төлеби ауданының әкімі «Бала дауысы-2019» байқауының жеңімпазын қабылдады

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков «Бала дауысы-2019» байқауының жеңімпазын қабылдады. Аудан басшысы байқауға Түркістан облысының атынан қатысып, гран-приді иеленген Мейрамбек Шалқарбайды жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бауыржан Омарбеков дарынды баланың ұстазымен және ата-анасымен де кездесіп, оларға алғысын білдірді.

«Осындай дарынды баланы тәрбиелеп шыққандарыңызға алғыс айтамын. Дайындаған ұстазына, еңбегіңіз еленіп, шәкірттеріңіз биік белестерді бағындырып, Қазақстанның атын әлемге таныта берсін дегім келеді»,- деді аудан әкімі.

Айта кетейік, Мейрамбек Шалқарбай бұған дейін 2017 жылы аудандық «Ақбота» ән-би байқауында І орын, 2018 жылы республикалық «Балауса жұлдыздар» өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алған.

Сондай-ақ, «Көктем гүлі - әз Наурыз» республикалық өнер байқауының «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлде, «Қысқы әуен» халықаралық өнер байқауының І орын иегері атанған болатын.

Қазіргі таңда Төлеби ауданындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы. 4 жылдан бері облыстық жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының «Вокал» үйірмесінің ұстазы, халықаралық ән байқауларының лауреаты Дәмелі Керімбековадан сабақ алып, үздіксіз білімін жетілдіріп келеді.

Жалпы, Ә.Н.Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырған республикалық конкурс биыл 4-жыл қатарынан өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 5 мыңнан аса үміткер қатысып, үздік деп танылған 17 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алған. Осы байқауда жеңімпаз атанған М.Шалқарбай енді Токио қаласындағы Диснэйлэнд демалыс орнына сапар шегіп, А.Мұсаходжаева басқаратын «Шабыт» қазақ ұлттық академиясында грантқа түсе алады.

Соңғы жаңалықтар