Төлеби ауданының әкімі ауыл тұрғындарының мәселелерімен танысты

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі әрі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Омарбеков Қаратөбе және Тасарық ауылдық округтерінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл шара «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қабылдауға келген қаратөбелік тұрғындар орталық көшелердің жарықтануы мен аяқ жолдар салу, полиция мен мал дәрігерінің қызметіне қатысты мәселелерін жеткізді. Сондай-ақ, елдімекенді абаттандыру мен табиғи газ құбырын тарту, электр бағаналарының тозуы мен интернет мәселесін көтерді. Ал, Қостөбе елді мекеніндегі көпір құрылысы бойынша шағымдарын айтты.

Сол сияқты Тасарық ауылдық округінің тұрғындары да оқушылар тасымалы, Таш каналының қазіргі жағдайы, жол кедергісін орнату, табиғи газ мәселесі туралы өтініштерін білдірді.

Аудан әкімі көтерілген мәселелерді назарға алып, талап-өтініштердің тиісті шешімін табатынын жеткізді.

Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау шалғайдағы елдімекендердегі тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асу мен олардың көкейде жүрген өтініштерін тыңдау, шешімін таппаған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар