Төлеби ауданындағы блокпостардан 2500-ге тарта көлік кері қайтарылды

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы табиғаты әсем Төлеби ауданында Біркөлік, Қасқасу тау шатқалдарында орналасқан демалыс орындарына баратын жолдарға блокпостар қойылды.

Қатаң карантин талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қойылған блокпостардан демалыс күндері 2500-ге тарта көлік кері қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалуға келуші азаматтардың көбі Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды. Сонымен қатар, заңсыз жұмыс істеп тұрған 17 демалыс орнының қожайындарына іс-құжаттар жинақталып, әкімшілік хатттамалар толтырылды. Сондай-ақ, су жағалауында шомылып жүрген және қауіпсіздік шараларын сақтамаған 37 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша ескерту жасалды.

Одан бөлек, билік өкілін қорлаған азаматтарға да шаралар қолданылды. Мәселен, Біркөлік ауылына кіреберіс жердегі блокпоста полицейлер «Тойота» маркалы автокөлікті тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда көлік ішіндегі екі жас жігіт тәртіп сақшыларын тыңдамастан, оларды жұрттың көзінше балағаттаған. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 378-бабымен «Билік өкілін қорлау» әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалған.


Соңғы жаңалықтар