Төлеби ауданында ұлағатты ұстаздарға арналған салтанатты шара өтті

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданында ұлағатты ұстаздарға арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Бауыржан Омарбеков пен ардагер ұстаздар, мектеп ұжымдары мен аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. «Мамандық атаулының төресі — ұстаздық. Білім ошағының дүрсілдеген жүрегі болып саналатын мұғалімге көрсетілер құрмет зор. Адам баласы өз дамуында жаңаны үйреніп, ғылымды, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Адам жанына осы асылды дарытушы – Ұстаз! Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төге берсін»,- деді Бауыржан Омарбеков. Аудан басшысы сондай-ақ, білім қазынасына үлес қосып, ұрпақтар зердесіне ғылым мен білімнің дәнін сеуіп жүрген ұстаздар қауымына алғыс хаттар мен сый-сыяпаттар табыстады. Салтанатты іс-шарада шәкіртке білім беру жолында талмай еңбек еткен, білім саласының дамуына өз үлестерін қосқан мұғалімдер Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен, облыстық мәслихаттың грамотасымен, аудандық мәслихаттың грамотасымен, облыстық кәсіподақтың және білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық, республикалық олимпиадаларда шәкірттері жүлделі орындардан көрінген ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Шара соңында ұстаздық қызметке алғаш кірген жас мұғалімдердің ант қабылдау рәсімі өтіп, концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар