Төлеби ауданында селден зардап шеккен тұрғындар баспаналы болды

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – ҚР Конституциясы күні қарсаңында Төлеби ауданындағы үйлерін тасқын су басқан 42 отбасына жаңа үйлердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғындардың қуанышымен бөліскен өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бірнеше үйді аралап шығып, баспана иелерін жаңа қонысымен құттықтады.


«Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, қоныс тойын жасап жатырсыздар. Ерте көктемде болған табиғи апат әбігерге салып, біраз қиындық туғызған болатын. Оның бәрі артта қалып, өздеріңіз табалдырығын жаңа аттаған баспаналарыңыз берекелі, қыдыр қонған үлкен үйге айналсын дегім келеді»,- деді облыс әкімі.


Биыл көктемде қатты жауын-шашын салдарынан су арналары тасып, Төлебиде сел орын алған болатын. Салдарынан бірнеше үйді су басып, зақымданды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, шұғыл штаб құрылып, аудандағы 42 үй жарамсыз деп танылды. Жаңа баспаналардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Айта кетерлігі, аталған баспаналардың 17-сі – Леңгір қаласында, 2-і – Киелітас, 22-сі – Сұлтан-Рабат, 1-і – Ынтымақ ауылдарында тұрғызылды. Баспаналардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метр. Құрылысты 9 мердігер мекеме жүргізді.


Нөсер жауынның салдарынан су тасқыны кезінде үйлер мен жолдарды су басып, Жоғары Қасқасу елді мекеніндегі «Қасқасу» өзені бойында орналасқан 4 көпірді де су шайып кеткен еді. Тұрғындардың ауыл арасында қатынаулары үшін өткелдер екі тәуліктің ішінде толығымен қайта қалпына келтірілген. Тиісті қаражат бөлініп, жарамсыз күйге түскен үш көпірдің құрылысы толық аяқталды.




Соңғы жаңалықтар