Төлеби ауданында полицияның фронт-офисі ашылды – Түркістан облысы

None
None
ТӨЛЕБИ. Қазақпарат – Түркістан облысының Төлеби ауданында полиция қызметкерлерінің заманауи үлгідегі фронт-офисі ашылды. Кеңсе қызметкерлері өз кезегінде аудан азаматтары үшін тиімді қызмет көрсетіп, халықпен кері байланыс жасауға мүмкіндігін бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңсенің ашылу салтанатына облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков пен аудандық полиция қызметкерлері, аудан әкімі Бауыржан Омарбеков пен сот өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Өңірдің бас полицейі өзінің алғы сөзі мен құттықтауын жеткізіп, аталған кеңсенің заман талабына сай компьютерлік техникалармен және жиһаздармен толығымен жабдықталғанын атап өтті. Азаматтарды қабылдауға барлық жағдай жасалып, бейнебақылау жүйесі тартылғанын жеткізді.


«Полиция жұмысын оңтайландыру мен 54 пунктен тұратын жол картаның 27 пунктінде қарастырылған фронт-офистерді ашу бүгінгі күні қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар халық игілігі үшін және полицияның ашықтығын көздейтін халықтық кеңсе таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады», - деді облыстық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.


Айта кетейік, фронт офисте аудан тұрғындары полиция саласына қатысты мәселелерін айтып, қабылданған арыздар бойынша сұрақтары мен өтініштерін арнайы мамандарға жолдай алады. Санаулы уақыттарда шешілуіне мүмкіндік беріледі. Арнайы полиция мамандары азаматтарға түсіндірмелер мен кеңестер беріп, мәселелерін жедел қарайды. Оны тікелей фронт-офисте орналасқан жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, анықтаушылар, тергеушілер және көші-қон қызметі тобының мамандары орындайды.


Еске сала кетсек, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы Полиция департаментінің тікелей ықпалымен өңірде 10-нан астам фронт-офис ашылып, тұрғындарына кедергісіз қызмет көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар