Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазғанда, «Соқыр Есжан» күйін алған - профессор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күйді әр қазақ қастерлей білуі керек. Осы орайда белгілі күйші, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 12 маусымда Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Киелі мұрамызда қастерлеуге аталған Жарлық қаншалықты әсер етеді?

- Елбасының бұл Жарлығы халқымыздың ұлттық өнерін қадірлеу мақсатында жасалған игілікті іс деп білемін. Ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтаған ұлы күй ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге жетті. Ал осы бір киелі мұрамыздың бүгінгі таңдағы жай-күйі, оған деген құрмет бізді қанағаттандыра ма? Күй қазақ халқына тән ерекше музыкалық жанр, басқа халықта жоқ. Сондықтан да біз күй өнерін сақтай білуіміз керек. Қазіргідей ғылым мен техниканың дамыған кезінде күй өнерін мүмкіндігінше жан-жақты дамытып, жаңа заманның лебін қосып, келер ұрпаққа табыстауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің аталған Жарлығы табыс-жетістікке бастайтын жол. Осы іске бәріміз де атсалысайық. Домбыра әр қазақтың үйінің төрінде тұруы керек, мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарының бірі болуы тиіс.

Өкінішке орай, домбырашылар мен күйшілердің ескерусіз қалып келеді. Осы уақытқа дейін домбырашылардың, күйшілердің қоғамдық ұйымы да жоқ. Ол туралы қанша айтылып келеді. Бұл да біздің салғырттығымыз-ау деймін. Әйтпесе, мыңдаған күйіміз бар, соны бүкіл дүниежүзіне шалқытып шығаруға болады ғой! Елбасының Жарлығына сәйкес осы мақсатта игі істер қолға алынса, алар асуларымыз биік болмақ. Қазақ халқының болмыс-бітімі, күрескерлік мінезі, тарихы, мәдениеті мен рухани байлығы - бәрі-бәрі күй арқылы әлемге танылатын болады.

Соңғы жылдары концерттер шоуға айналып барады. Күйді жеке орындаушыларды көп көре бермейміз. Бірнеше домбырашы сахнаға шығады да, әрбір күйдің басын бір шалып, шапқан аттай өте шығады. Нағыз күйшілікті олай дәріптемейді. Ол көрермен үшін қызық көрінетін шығар. Алайда, адам күй тыңдап, оның тереңіне үңіліп, тарихына бойлап, өзі де толғана білуі қажет қой. Күй - адам жанын толқытатын, өзіне баурап алатын құдіретті музыкалық туынды.

- Қазіргі кезде Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет жасап жүр екенсіз. Бұл элиталық мектепте күйге көңіл бөлініп жатқанының көрінісі ғой...

- Шындығында да, бұл - қуанарлық, тіпті өзге оқу орындары үшін үлгі аларлық жайт. Жыл сайын Назарбаев мектебіне 7 сыныптан бастап оқуға 150-ге жуық шәкірт қабылданады. Оның ішінде әр ұлттың, яғни, қазақ, орыс, корей, неміс, ұйғыр, Қазақстанда қандай ұлт пен ұлыстар болса, солардың бәрінің де балалары бар. Бәрі де физика мен математика саласы бойынша тереңдетіп білім алуға бағытталған. Осы білім ұясының талабы бойынша барлық шәкірт домбырадан екі жылдық элективтік курстан өтеді. Айталық, бір сыныпта 24 оқушы болса, екі тәлімгер домбырашы 12-ден бөліп аламыз да, топқа бөліп оқытамыз. 144 бала жыл бойы оқып шығады. Сонда нәтижесіне қарасақ, күйді керемет тартып жүрген балалар бар. Әрине, біздің алдымызда олардан бір шебер орындаушы, Қазақстанның халық әртісін дайындап шығару міндеті тұрған жоқ. Өйткені олардың негізгі мамандығы физика-математика саласы ғой. Ерекше дарынды балаларды көріп жүрміз. Біздің мақсат - ұлттық өнерді, халқымыздың күй өнерін жас кездерінен олардың бойына сіңіріп, жүректеріне ұялату, қазақ халқының рухани байлығын домбыра арқылы қабылдауға бейімдеу. Ертеңгі күні АҚШ, Канада, Англия сияқты шетелдерге барып, жоғары білім алып келіп, елімізге қызмет жасаған кезде олар домбыраны жатсынбайды. Қайда жүрсе де, домбыраны жандарына серік етсе, ондай жастарымыз биік мақсаттарға қол жеткізеді деп ойлаймын.

Зияткерлік мектеп арнайы тапсырыспен 100 домбыра алдырды. Мұның және бір жақсы жағы, балалар домбыраны мектепке тасымайды. Күн суықта, автобуста алып жүру оңайға соқпайтыны анық. Мектепте дайындалумен қатар үйіне барғасын да, тапсырманы қайталағаны жөн. Осы орайда біз ата-аналармен сөйлесіп: «Домбыра алыңыздар, балалар мектепте үйренгенін үйде пысықтағаны жөн», - деп айттық. Осы курс ашылғалы бері әрбір баланың үйінде домбыра пайда болды. Соның арқасында балалар жақсы дағдыланып қалды. Бір қызық айтайын. Жиырма шақты баланы алып, Италияға бардық. Өткен жылы Америкаға жолымыз түсті. Сонда америкалықтар: «мыналар музыканттар ма, физиктер ме?!» деп таңғалды. Біз физика мамандығына оқып жатқанын айттық. Айталық, Бостонның MIT университеті бар, дүниежүзінің физиктері мен математиктері сол оқу орнына түсуге тырысады екен. Оның бір талабы бар. Мысалы, оқуға қабылдау емтиханында жинаған балдары шамалас болған кезде, қайсысын өткіземіз деп қиналып жатса, емтихан тапсырушыға «Сіздің қандай өнеріңіз бар? Спортта қандай жетістігіңіз бар?» деп қосымша сұрақ қояды екен. Сонда бойында табиғи дарыны бар балаға көбірек мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Осыны естіген біз де олардың өнерге деген көзқарасының жоғары екендігіне таң-тамаша болдық. Мұндай ерекше көзқарас біздің елде де қалыптасуы қажет деп ойлаймын. Аталған университет біздің балаларды жыл сайын келуге шақырып жүр. Жасы жетпістен асқан бір профессоры: «Өте өнерлі балалар екен», - деді.

Біздің домбыра үйретуден элективтік курсты ашқанымызға екі жыл болды. Ұжым басшылығы енді осы әдістемені келесі оқу жылынан бастап еліміз бойынша барлық 20 (Астана, Алматы және Шымкент қаласында екі-екіден, өзге өңірлерде бір-бір мектептен бар) зияткерлік мектепте іске асыруды қолға аламыз деп отыр. Содан кейін, Құдай қаласа, жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына енгізу ұсынылмақ. Егер осы іс республика көлемінде қолға алынатын болса, жас ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша бастама деп білемін.

Алла адамға дарын берсе, бәрін үйіп-төгіп береді ғой, зияткерлік мектептегі балалар да - сондай зерек, талабы таудай шәкірттер. Олар - болашақ ғалымдар. Оқу жылы аяқталғанда, 140 бала мектеп алдына шығып, орындықтарға жайғасып, Құрманғазының «Сарырақа», «Адай» күйлерін орындайды. Жыл бойы дайындалғандарының есебі тәріздес. Ол жиынға Білім және ғылым министрлігінен өкілдер, мектеп ұжымы және балалардың ата-аналары қатысады. Оқушылардың өнер көрсеткеніне қарап, біз де атқарған жұмысымыздың нәтижесін көріп, көңіліміз марқайып қалады. Өскелең ұрпақтың талабын байқап, разы боласың!

- Өзіңізді Құрманғазы, Дәулеткерей мен Динадай ұлы композиторлардың ізі сайрап жатқан Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан мықты күйші, кәнігі маман ретінде жақсы білеміз. Жалпы, күйдің қасиеті, ерекшеліктері жөнінде не айтар едіңіз?

- Күйге терең үңілсек, оның сыры мол. Мысалы, Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазғанда, Соқыр Есжанның «Соқыр Есжан» күйін алған. Оның ішінде би де, хор да Соқыр Есжанның күйі. Бұл жерде композитор М.Төлебаевтың шеберлігін байқауға болады. Үш минуттық күйді үш сағатқа созып, «Біржан-Сара» операсын алтын қорға енгізіп, ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетті. Операны өнердің ең жетілген, ең күрделі түрі деп айтамыз. Ал біздің мыңдаған күйіміз бар. Осыған қарап-ақ болашақ композиторларымыздың қаншама опера шығаруына мүмкіндік бар екенін болжауға болады. Қадіріне жетсек, тұнып тұрған байлық емес пе!

Қазақтың әні мен күйін зерттеп, қағазға түсіріп кеткен композитор, музыкант-этнограф Александр Затаевич: «Әннің сөзі бар, күйдің сөзі жоқ. Бірақ дала қазағына сөзі бар әннен гөрі «мастерский» шебер ойнаушының қолынан шыққан күй барынша түсінікті» деп жазып кеткен. Міне, ғажап! «Қазақтың 1000 әні» туралы ол: «Әй, қазақ достарым, осының бәрін мен жинадым деп айтпаймын. Бұл сендердің өздеріңнің еңбектерің. Әндерді жарыққа шығаруға мен тек себепші болдым. Мен сендер арқылы істеп отырмын. Сендер өз әндеріңді, өз күйлеріңді жинап, халыққа, болашаққа беріп отырыңдар. Әндерің мен күйлеріңді сыйлаңдар» деген екен. 

Қорыта айтқанда, Елбасының Жарлығы шыққан соң, ұлттық өнерге деген шынайы көзқарас оянып, сең қозғалды. Бұл - қолға алынған шаралардың басы ғана. Домбыра күнінің белгіленуі өнерге және өнерді сүйетін халқымызға жасалған құрмет деп түсінемін.

Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар