Төле би ауданының елді мекеніне газ құбырын тарту мәселесі маңызды шара ретінде қаралуы тиіс - Н. Өнербай

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төле би ауданының елді мекеніне газ құбырын тарту мәселесі маңызды шара  ретінде қаралуы тиіс.

Бүгін Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Нұрлан Өнербай осы мәселенің «Жол картасында» қамтылуын сұрады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында сайлаушылармен кездесу өткізіп, ауыл тұрғындарын толғандырып отырған әрі көптен шешімі табылмай келе жатқан сұрақтарға назар аударған болатынмын. Аталған аудан тұрғындарын біраз жылдардан бері елді мекендеріне «көгілдір отынның» жеткізілмеуі мазалайды екен. Әсіресе, 80-ші жылдары Өзбекстаннан Алматыға дейін тартылған газ құбыры аудан маңынан өтсе де, ондағы 15 ауылдық округтерге газ кіргізілмеген. Ендігі күні «Атасу-Алашаңқай» газ құбыры тағы да аудан жері арқылы өткізілгеніне қарамастан, тұрғындар бұл «отыннан» да құр қалатын түрі бар. Аудандар мен елді мекендердің бір-біріне тығыз орналасқанын ескерсек, бір ауылға жеткен газ құбыры, екіншісіне тартылмай қалғаны түсініксіз», деді депутат.

  Оның айтуынша, ауыл тұрғындары газ мәселесіне деген үмітін Үкімет шешіп берер деген сеніммен отыр. Осыған орай, Н. Өнербай Үкімет басшысынан Төле би ауданының елді мекеніне газ құбырын тарту мәселесін маңызды шара  ретінде қарауды сұрады. «Елбасының Парламент сессиясында сөйлеген сөзінде «Жол картасы» бағдарламасының әлі де жалғасатынын айтқан болатын. Сондықтан да, аталған мәселені Үкімет деңгейінде арнайы бағдарламаға енгізіп, бюджеттен қаражат бөлінуін сұраймыз», деді депутат. Осы сауалға Мәжілістің бірқатар депутаттары да қол қойған.

Соңғы жаңалықтар