+7 (701) 759 90 19
USD 385.55 EUR 426.57
RUB 6.05 CNY 54.77
Jańalyqtar

Тоқтарбай Ержанов: Айтылмаған сөз жетім, орындалмаған заң жетім...

2019 жылғы 2 қараша 16:31
Бөлісіңіз:
Тоқтарбай Ержанов: Айтылмаған сөз жетім, орындалмаған заң жетім...

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана сезімі жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Көне замандағы көрікті қалаларымыз сән салтанаты таласқан озық ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымыз бұлтартпас айғақ болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар
Мәжіліс педагог мәртебесі туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады Қазақстан мен Кипр арасында қосарланған салықты болдырмау туралы құжат мақұлданды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасына өзгерістер енгізілді

Тұңғыш Президет - Елбасы рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынған болатын. Олар бәсекелестік қабілет арқылы ғаламданудың жаһандық жүйесіне еніп, XXI ғасырдың талаптарына дағдыланудың қамына кірісу сапалы табыстың кілті екенін атап айтты. Ал прагматизм: Ұлан ғайыр қазыналарымызды қалпынша қолданып, қорғау, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы. Белгілі журналист Махат Садық осы мәселе төңірегінде астананың алғашқы прокуроры, ге­нерал-майор - 3 дәрежелі Мем­лекеттік әділет кеңесшісі Тоқтарбай Қапанұлы Ержановпен сұхбаттасқан болатын.

Махат Садық:

Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Осыдан екі ғасыр бұрын мұхиттың ар жағындағы сан ұлттан құрылған ел - АҚШ-та тәуелсіздігін жариялап, астанасын Вашингтонға көшірді. Джордж Вашингтонның саяси шешімі, алып мемлекеттің қалыптасуына жол ашты. Ол саясат «өзін-өзі қорғай алған елдер ғана өсіп-өркендеген» ұғымынан туған идеология. ХХІ ғасырдың табалдырығында тәуелсіздігіне 7 жыл болған Қазақ елі өмірбаянында тарихи және саяси ірі оқиға ел орадасы Алматыдан Астанаға көшті. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

Тоқтарбай Ержанов:

Рас айтасыз, әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі.

Астананың көркіне не бір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі. Астана мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған құбылыс. Ғасырлар бойғы бабалар арманын іске асырып, бас-аяғы төрт-бес жыл да Астана салған мемлекет тарихта болған емес. Адамзат тарихында астанасын жаңғыртқан мемлекеттер жетерлік. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойынды ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, мандайға біткен бақ емес пе?! Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала – жас қаламыз – өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Жаңа астанада, адамдардың да санасы жаңартылуына жол ашылды.

Махат Садық:

Енді бір сәт өзіңіздің ғұмырбаяныңыз бен қызметтік жолыңызға тоқталсақ. Нұр – Сұлтан қаласының алғашқы прокуроры болып 1997 жылдың 27 желтоқсанында тағайындалдыңыз.

Тоқтарбай Ержанов:

Нұр – Сұлтандық прокуротураға барлық аймақтар теңелуге тырысатыны барлығына мәлім. Кәсібилікті, терең білімділікті, әділ және тәуелсіз ой – пікірді күтеді. Қала прокуратурасының тарихы 1997 жылы астанамыз Алматыны жаңа елордамыз Ақмола қаласына бастаған Ұлы көштің негізінде бастау алады. Ел астанасы болған кезде тұрғындары үш жүз мыңға жетпеген шаһардағы халық саны қазір бір миллионнан асқан мегаполис болды.

Прокуротура органының басты міндеті адамның және азаматтың құқықтыры мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру.

Әрбір прокуратура қызметкері осы міндетті басты мақсат етіп жұмыс жасаса, прокуратура органына халықтың сенімі одан әрі нығая түспек.

1976 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық универ­ситеті) заң факультетін бітірдім. Сол кезде Алматыда қызметке қалу туралы ұсыныс болғанымен туған еліме оралдым. Үлкен өмір жолы­нан өттім. Көп балалы отбасымызда адалдық пен әділдік бі­рінші орында болатын. Сондықтан да бо­лар, өз жүрек қалауымен прокурорлық қыз­метті таңдадым. Бұл жерде әрине әке тағылымын айтпай кетуге бол­мас. Әкем Қапан Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірнеше жыл бұрын әкемнің туған жері – Бестөбе ауылын­дағы бір көшеге екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан өткен жа­уын­гер әкемнің аты берілді.

Қызыл Жұлдыз және 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері әкем Қапан 78 жасында өмірден озды. Ол Ленинград қор­шауын бұзуға қатысқан. Шайқаста ауыр жарақат алып, сол бестөбелік жерлесі, майдандас досы Федор Мельниктің ар­қасында аман қалды. Ол әкемді ұрыс алаңынан арқалап алып шыққан. Олар өмір бойы бір-бірімен дос, тіпті туыстай болып кетті. Сұрапыл соғыстың отты жылдарын естеріне алып дидарласқанына талай рет куә болдым. Ақмолалық ақын Рыс­ты Шотбаева «Қапан аға» деген атаумен тұтас поэма жазған.

Мен де диплом алған соң әке салған сара жолмен еліме оралдым. Қатардағы тергеушілік қызметпен прокурорлық мамандықты бастадым. Осы­лайша, Ақмола облысы Мариновка ауданында бес жыл қызмет атқардым. Мұндайда алғашқы тергеген іс естен кетпейтіні белгілі. Ол үмітсіз істер са­на­тынан болатын, кәсіби тілмен айт­қанда, «бос әурешілік» еді. Ел ішінде бір атай жоғалып кетеді. Оны іздеп жүрген кез­де, ауылда біреулер оны вокзалдан кө­ріпті-міс деген қауесет тарады. Соны­мен ешкімге сыйыса ал­май­тын қарт басқа жерге кетті деп бұл іс жабылып қалған. Бірінші тапсырылған іс осы еді. Жабылған істі қайта қозғадым…

Махат Садық:

Алғашқы қызметтік тапсырмадан – бірінші қызметтік награда алдыңыз. 1976 жы­лы бірге бітірген курстас достарыңыз өздерінің арасынан шыққан жалғыз гене­рал Тоқтарбай Қапанұлын мақтан тұ­тады.Сізбен бірге оқығанӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, профессор. С.ТЫНЫБЕКОВ, заң ғылымдарының кандидаты, доцент А.ӘБІКЕНОВ өз студентеріне арнап жазған оқулық дерегіне назар аударайық. «Тоқтарбай Ержановтың бүкіл өмірбаянын университет қабырғасынан алған білімінің лайықты, үлкен істерге толы ғұмырлық өнегесі ретінде қабылдауға болады. Оның бірінші тергеушілік ісі де осы саланы таңдаған құқық мамандарына үлгі - өнеге.

...Тәжірибелі әріптес­тері осы істен «басшылықтан сөз естиміз» деп бастарын ала қашады. Ал ол қай­мықпай, қылмыс ізіне көз жеткізу үшін жақында түр­меден шыққан жас жігітке жолығады. Шал жоғалар күннің қар­саңында жігіт майдангермен арақ ішіп, сөз таластырып, арты төбелеске ұлас­қан екен. Қылмыскер мүрдені шалдың үйінің жертөлесіне көміп, ауылдан кет­кені туралы хабар таратқан. Тергеу процесінің барлық ережелері бо­йынша жүргізілген осы іс Тоқтарбай үшін тұң­ғыш маңызды тағылым болды, кейіннен осы жайт Ержановтың жас әріптес­теріне үлгі болды.

Өмір өз кезегімен өтіп жатты: об­лыстық прокуратураның тергеу бөлімі аппаратында бір жыл, Шортанды ауда­нында он жыл прокурор болып қызмет етті. Елордаға, жылы кабинеттерге асықпады, ауылда бе­рік әрі мықты құ­қық қорғау жүйесін жасау жолында еңбек етті. Қазіргі жастармен са­лыс­тырар болсақ, олар шендері мен жұл­дызшаларын ала сала, бірден биік орын­тақтарға ұмтылады. Ал ол болса, тек қырық­тан асқанда ғана Ақмола облысы про­курорының бірінші орынбасары болды, 1996 жылы қырық үш жасында сол кез­дегі Ақмоланың прокуроры, кейіннен жаңа Астанамыздың бірінші прокуроры болған, осы лауазымда 2001 жылға дейін қызмет етті.

Тағы бір мәлімет. Тоқтарбай Қапанұлының тергеу изо­ля­торында екі адамды кепілдікке алған екі қарақшымен келіссөз жүр­гізуі – ерекше ерлік еді. Ол қарақшы­лармен түні бойы бетпе-бет отырып, келіссөз жүргізді. Сірә, мұндай ұзақ түн болмас... Сосын таң атқан соң мұқият дайындалған арнайы бөлімше көшеден кенеттен келіп, изолятордың те­ре­зе­сіндегі торларды жұлып алып, қарақ­шы­ларды тұсаулады. Ал прокурор Ер­жанов таңғы тыныштықта көшемен жайбарақат үйіне кетеді. От­басы да бұл оқиғаны бірден білген жоқ, өйткені олар ұзақ жыл­дар­дағы қиын жұ­мысына байланысты оның үйде болмай­тындығына еттері үйренген еді. Прокурор­лық қызмет осындай... Бір кездері әкесі ысқырып ұшқан оқ астында майданда соғысса, бейбіт күні баласы адамдарды қор­ғады. Алмағайып заманда про­курорлық жолды таңдады. Өзіне және бас­қаларға отбасылық дәс­түрдің беріктігі мен биік деңгейін дә­лелдеу үшін, көп жылдар бойы Шор­танды ауданында қызмет етті. Отанға адал қызмет етудің дәлелі ретінде Тоқтар­бай Ержанов генерал шенін ел Пре­зидентінің өз қолынан алды. Бәлкім, ғалымдар мамандықтың гене­тикалық жолмен берілетіндігін әлі ашпа­ған болар?! Ал олардың отбасында осы дәстүр өз орнын тапқан. Бүгінде «әке көрген оқ жонар» дегендей ұлы Дәурен Тоқтарбайұлы Бас прокура­турада қызмет етеді. Қызы Әсем нотариус қызметін­де. Екеуі де заңды, құқықты барлық жа­ғынан қорғайтын отбасылық дәстүрді жалғастырды».

Тоқтарбай Ержанов:

«Айтылмаған сөз жетім», - дейді бабаларымыз. Өз тарапымнан бұл киелі сөзге орындалмаған Заң жетім дегенді қосар едім. Парламентте қабылданған Заңдарымыздың толық орындалуы үшін күштік органдарда мықты да сапалы мамандар болуы міндет.

Сонымен бірге құқық органдарындағы азаматтардың отбасылық жағдайлары да жалпыадамзаттық деңгейде болуы керек деп ойлаймын. Бұл менің өз өмірімнің, көрген – түйгендерімнің жүрегімдегі сыр пернесі. Расында ерте жастан басшылық қызмет атқардым. Ең алдымен қызметкерлерімнің отбасылық жағдайын ойладым. Қылмыс көп, жазатын – толтыратын, есеп беретін қағаз көп. Өзімнің қарауымдағы прокуратураға орналасқан жастарға барынша қамқорлық жасауды парызым санадым. Әсіресе біздің салада қыз – келіншектер жұмысбастылықпен жүріп, тұрмысқа шықпай қалады. Біз «әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын», - деген елміз ғой. Әйел баласы прокурор бола ма, әлде басқа мамандық иесі ме – мәселе біреу. Әйел өзін сенімді сезінген жерде отбасы да берік, балаларының да болашағы жарқын болмақ. Осы Ақмола облысында прокуратура саласында ұзақ жылдар жетекшілік қызмет жасаған жылдары жас мамандарды, әсіресе қыз – келіншектерді заңмен көрсетілгендей 18:30 да жұмыстан босатылуын тәртіп етіп енгіздім. Өзім оны бақылап жүрдім. Біздің мемлекеттік қызмет органдарында осы тәртіп енді ғана енгізілуде.

«Ел боламын десең бесігінді түзе» дегенді әйгілі жазушымыз тегін айтпаған. Уақыт бәріне төреші. Адам ғұмыры көзді ашып – жұмғанша зыр етіп өтеді. Міне өзім де Прокуратура ардагерімін. Ал, ардагер болу үшін қол астындағы қызметкерлердің карьералық жетістіктері мен жеке отбасылық бақыттарына да жауапкершілікті мойнына аласын. Бұл тарапта өз міндетімді орындай алдым деп ойлаймын.

Екіншіден, Заң әділеттілік құру үшін бұл саладағы мамандар мықты әрі сауатты болуы міндетті. Республика Бас прокуроры Хитрин болған кезде өзім арнайы қызметтік сауал жаздым. Елімізде заң факультетін бітірген шаласауатты жоғары оқу орнын бітірушілердің көбейіп кеткені туралы. Сол хаттың негізінде Прокуратура мен Білім және ғылым министрлігі бірігіп жоғары оқу орындарында кешенді тексеру өткіздік. Көптеген дәйексіз жәйттердің беті ашылды. Бір ғана Сарыағаш ауданында 11 университтің филалы ретінде ашылған 11 заң факультетін жаптық. Осындай жағдайда Заңдарымыздың орындалмайтыны белгілі. Мықты, принципшіл құқық қызметкерлерінсіз заңның үстемдік құруы мүмкін емес.

Сосын ешқандай компьютер, ешқандай вир­туалдық дерек қоры, түйсікті, пси­холо­гия­лық талдау техникасын мең­геру, ешуақытта осы саланың кәсіби мамандарына тән кә­сіби қабілетті ал­мастыра алмасы хақ. Мұн­дай өзара әрекеттестік біреуге қарттық сезімін кейінге жылжытса, басқаларына «қанат бітіріп», жоғары ұшуға мүмкіндік бе­реді. Бүгінде білім, кәсіби өсу жүйесін­де үздіксіз реформалар жасап жатқан­дар осы мәселені ойланса екен? Мүмкін, мәселенің шығу жолын алыстан емес, жақыннан, жаныңнан іздеу керек шығар?!

Махат Садық:

Тоқтарбай Қапанұлы, біршама ой – пікірлер айттыңыз. Көп көргеннен сұрағаннан кем болмаймыз. Осы орайда айтайын дегенім, қазіргі кезде қоғамымыздың қатыгезденуінің басты себебі – адамдар эстетикалық әлемнен алшақтап бара жатыр. Эстетикалық әлемнен алшақтау себебінен бұрын адам баласы естіп көрмеген қылмыс түрлері пайда бола бастады. Ал, біз қылмыспен тек заң арқылы күрескіміз келеді. Осы тұрғыда қоғамда еуростандарттық өзгерістер енгізу керек дейтін пікірлерді естіп, оқып жүрміз. Сіз қалай ойлайсыз?

Тоқтарбай Ержанов:

Заң қанша жерден жақсы жұмыс істеп тұрса да қоғам әділеттілікті қалайды. Әрі қазақ халқының ділі мен салт – дәстүрінде әділеттілік ұғымы бірінші орында болған. Заң – заң жөнімен, алайда, біз заңдары әділеттілікті орнататын қоғам болғымыз келсе, ең алдымен рухани мәселелерді де назарда ұстауымыз керек. Қоғамға үлгілі мемелекеттік қызметкерлердің жан – дүниесінің Абай атамыз айтқандай «толық адам» болуы олардың рухани парызы. Біз заң факультетінің студенті болғанымызға қарамастан әдебиет пен мәдениетке етене жақын жүрдік.

1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша түсірген екі сериялы «Қан мен тер» көркем фильміндегі басты роль – Ақбала образын біздің курстасымыз Гүлмира Шойбекова сомдады. Қатарластарымызбен елімізде болып жатқан осындай мәдени оқиғалардың ортасында болып, өнегелі істерге өзімізше үлес қосуды парызымыз санайтынбыз.

Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында қоғамдағы әділеттілік атқарушы билікке байланысты екенін атап өтті. «Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне сұхбатында ҚР Президенті Қ - Ж. Тоқаев – әділеттілік ұстанымы туралы: «Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократия­сынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей.

Әділеттілік салтанат құрмаған қо­ғам­да тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ»- дейді.

Ал, Президентіміздің әкесі, белгілі жазушы, әсіресе құқық саласындағы қызметкерлері шығармаларын жастанып жатып оқитын Кемел Тоқаев «Ұясынан безген құс» романында ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» тағылымын дамытады. «Қазақы ұямыз – таза, пәк ұя. Содан безсең - азғындайсың» деген идеяны мұрат еткен құқық қызметкерлері - қазақ ұлтының ар – ұятты, мал – жаннан биік қоятын мораліне сүйеніп өз міндеттерін орындайды. Ашығын айтқанда Кемел Тоқаев кітаптарында ұлты қазақ тергеушілердің дені өз істеріне адал, ел ертеңін ойлайтын өнеге болар азаматтар болып суреттеледі. Өзінің детективті повесттері мен романдарында жазушы сол кездегі әдебиетте айтылмайтын Ұлт тақырыбына тоқталып, ағайынның ала болмауын кейіпкерлерінің әрекетімен баяндайды. Қазақтың бір – біріне әділетті қарым – қатынасы ел бірлігін, ынтымағын, ұлт ұясын қадірлеп – қастерлеуге бастайды деген көкейтесті ойын романдағы сюжеттермен жеріне жеткізе пісіреді. Жазушылық өнердегі ең қиын машақат – кейіпкердің жан толқыныстарын бейнелеу. Прокуратура қызметкерлері де әрбір адамның тағдырына қатысты шешім шығарарда үлкен ой толғанысында, заңның дұрыс болғанын қадағалайды.

Осы жәйттерден түйгенім жазушының өз шығармаларындағы оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысы Қаламгер Кемел Тоқаев өмірінің танымы мен талғамы, сараптауы мен саралауының жемісі – ӘДІЛЕТТІЛІК болған. Оны біз жазушының барлық кітаптарынан көреміз. Заң саландағы азаматтарға Президенттің әкесі жазған кітапты жиі оқу туралы кеңес берер едім.

- Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Заң, Рухани жаңғыру,
Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT