Тоқтар Төлешовтің бұрынғы күзетшісіне қатысты сот үкімі шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Тоқтар Төлешовтің бұрынғы күзетшісіне қатысты сот үкімі шықты. Өңірдегі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 35 жастағы айыпталушы Руслан Ергебаевты үш жылға бас бостандығынан айырды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Үш айға созылған сот отырысы барысында күзетшінің адам ұрлау, күш қолдану сияқты қылмыстарға қатыстылығы толық дәлелденген.

«Тоқтар Төлешов өзінің беделі мен қызметін пайдалана отырып, ұйымдасқан қаруланған топты (банда) құрған. Олардың мүшелері мен қатар Ергебаев та сол топқа кіреді. Алдын ала сөз байласудың арқасында олар криминалдық қылмыстарды жасаумен,  адамдарды ұрлаумен айналысқан.  Бір эпизод бойынша адам ұрлаған, екінші эпизод бойынша басқа бір  адамды соққыға жығып, пышақпен жеңіл жарақаттаған. Бірақ ол адамды өлмеген, оны өлмеші етіп сабаған. Осылайша адамдарды жазалап отырған. Ергебаевтың рөлі көлік жүргізіп отырған, қажет болған жағдайда күш көрсетеді. Сондай қылмыстарды 2012 - 2015 жылдар аралығында бірнеше рет жасаған бұл топтың мүшелері»,-дейді іске қатысқан прокурор Жасұлан Әділбайұлы.

Облыстық прокуратураның басқарма бастығы орынбасарының сөзінше, қылмыстық топтың мүшелері бір жәбірленушіні алты ай бойы азаптаған.

«Бір жәбірленушіні таныстарының өліміне қатысы бар деп күдіктенген. Сол үшін ол адамды ұстап әкеліп,  алты ай бойы азаптап, қинаған. Сол өлімге қатысы барлығын анықтамақ болып, ұрып-соққан. Жалдамалы пәтерлерде ұстап, қорқытқан. Сол кезде Руслан Ергебаев  жәбірленушіні  тасымалдайтын көлік жүргізушісі болған. Сот барысында оның ұрланған адамды қинап, көлікке отырғызып жүргені дәлелденді»,-деді Жасұлан Әділбайұлы.

Алайда тергеу барысында айыпталушының  тамағы қатерлі ісік аууына шалдыққаны анықталады. Ол бірнеше ай бойы ауруханаларда жатып, ем қабылдайды. Сот үш айға созылса, соның екі айында ол емделіп жүрген. Сондықтан айыпталушының ісі Төлешовтің қарамағындағылардан бөлектеніп, тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралған. Денсаулығына байланысты қамауға алынбай, кепіл түрінде үйіне жіберілген. Сот үкімін шығару кезінде де оның ауыр дертке шалдыққаны ескеріліп, жазасы жеңілдетілген. Ал, бірге қылмыс жасаған сыбайластары 4-5 жылдан жаза арқалап кеткен болатын.

«Айыпталушы Қылмыстық кодекстің  268, 125, 107-ші баптарымен кінәлі деп танылсын. Оның жасаған қылмысына өкіну, кінәсін толық мойындау, тергеуге қолғабыс ету жағдайлары ескеріліп, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өту тағайындалсын. Үкіммен келіспеген жағдайда наразылық келтіруге болады», - деді сотта облыстық  Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жәнібек Сейтжаппаров. 

 Естеріңізге салайық, Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов 16 ауыр қылмыс жасағаны,  мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғаны үшін кінәлі деп танылып, 21 жыл жылға сотталған болатын. Сондай-ақ оның 25 сыбайласы 3 пен 7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылған еді.

Соңғы жаңалықтар