Тоқтар Төлешовке қатысты сот отырысында сыра зауытындағы бірқатар былықтардың беті ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық сотында Тоқтар Төлешовке қатысты кезекті сот отырысы өтті. Онда 8 куәгерден жауап алынып, сыра зауытындағы экономикалық қылмыстар қалай жасалғаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сотта алғашқы куәгер ретінде жауап берген Төлешовке қатысты «Дархан груп» ЖШС-і Астана филиалының Бас директоры Қаныбек Ибрагимов бірқатар былықтардың бетін ашты. Атап айтқанда, елордадағы зауыт қожайынының туыстары келсе болды миллиондаған қаржылар олардың жүріс-тұрысына, ішіп-жеміне жұмсалған. Төлешов төрт әйелі мен бала-шағасын қыдыртып, демалдыруға келгенде ақшаны оңды-солды шашыпты.

1

«Мен Бас директор міндетін атқарып жүріп, 2008-2013 жылдар аралығындағы бес жылда шамамен 70 млн теңгеден астам қаражатты немесе одан да көп теңгені Төлешовтың туыстарына жараттым. Бұл ақшаны қызметтік хат негізінде кассадан өз атыма алып отырдым. Ол ақшаға мен туыстарын күтіп алып, қалаған жеріне апарып, айтқандарына ақша төлеп жүргенмін. Кейін ол қаржының орнынан өздері жауып жіберетін. Бізді тексере бермейтін»,-деді Қаныбек Ибрагимов.

Бұрынғы басшысының айтқандарын оның орынбасары Берік Мықтыбаев та растады. Оның айтуынша, басшысы кезекті еңбек демалысына кеткенде ол кассадан 2 млн 600 мың теңгені алып, Төлешовтың отбасына жұмсаған.

2

Ал, сотта куәгер ретінде шақырылған Елена Каблун болса зауытта өндіріс меңгерушісі болып жұмыс істегенін айтады. Оның сөзінше, 2011 жылы оны кабинетіне Төлешовтың бұрынғы орынбасары Алесей Носков шақырып алып, қожайынның қажеттілігіне орай дайын өнімді жасырын саудаға шығару қажеттігін тапсырған.

3

«Бастықтың тапсырмасы бойынша сыраның тығыздығына байланысты үнемділік жүргізіліп, көлемі арттырылып отырды. Ол аптасына бір рет немесе бірнеше рет болатын. Яғни, кез-келген уақытта тапсырма түседі, бұлжытпай орындайтынбыз. Әсіресе, сәуір мен қыркүйек айларында тәулігіне 150-200 мың литр сыра шығарылса, соның он пайызға жуығы тиісті есепке алынбай сатылатын. Оны Омаров деген кәсіпкер сол күні-ақ алып кетіп жүрді. Осылайша 2011-2015 жылдар аралығында 1 млн 65 литрдей сыра тиісті есепке тіркелмей сатылды»,-деді Елена Каблун.

4

Сотта сонымен қатар сыра мен шыны зауыттарының бас есепшілері мен қатардағы бухгалтерлерінен жауап алынды. Сыра зауыты бас есепшісінің орынбасары Лидия Мельникова «мен тек тиісті қаражаттар туралы мәліметтерді жинақтап, бас есепші Светлана Лукинаға жолдадым» десе, тағы бір есепші Гүлжан Ержанова басшысы Алакулиеваның айтуымен табысты жасырып, салықтан жалтарғанын айтады. Осындай әрекеттер бір емес, бірнеше рет болған. Одан өзге тағы екі есепші де осы тектес жауаптар берді.

5

Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында басты айыпталушы Тоқтар Төлешов пен оның қорғаушысы Мархаба Жақуповалар да белсенді түрде қатысып отырды. Төлешов куәгерлерге өзінің кінәсіздігін дәлелдегісі келетін сауалдар қойса, Жақупова ханым барлық есеп-қисаптарды нақтылап айтып, куәгерлерді сауалдың астына алды. Өзге қорғаушылар аса ондай белсенділік танытқан жоқ.

6

Еске салайық, бұған дейін елде Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыпталып, 21 жылға сотталған Төлешовке енді ұйымдасқан қылмыстық топ құру арқылы экономикалық қылмыстар жасаған, табысын жасырумен қатар салықтан жалтарған деген айып тағылып отыр. Әрі осы әрекеттері арқылы мемлекетке миллиардтаған шығын келтіргені тергеу кезінде дәлелденген. Айыпталушы ретінде тағы сегіз адам, олардың арасында Төлешовтың сыбайластары мен Еңбекші аудандық салық басқармасының бұрынғы қызметкерлері қатысуда.

7

Соңғы жаңалықтар