Тоқтар Әубәкіров «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сыр өңірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы аясында егемен елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатқа ие болды.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрында өткен салтанатты жиында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сыр елі халқын Тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Мерейтойлық салтанатта сырбойылық азаматтар «Парасат», «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалін, Құрмет грамотасын иеленді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке, бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаевқа, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарышта биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. ҚР Қорғаныс министрінің 1 орынбасары, ҚР Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры - Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымдарын абыроймен атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылым депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13 шақырым депутаты, Қызылорда облысынан ҚР Парламенті Мәжілісінің 3-ші шақырылым депутаты болып сайланған.

Нариман Қыпшақбаев 1934 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 1974 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. 1990 жылы Су ресурстары мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Тәуелсіздік жылдары Су кодексі жобасының әзірленуіне жетекшілік жасап, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның құрылуына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттерімен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына үлесі зор. Қазіргі таңда Арал, Сырдариядағы су деңгейі мәселелеріне қатысты ұсыныстарын жеткізіп, елдік мүддесіне қызмет етуде.

Мұрат Бақтиярұлы 1958 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1986-1998 жылдары Қызылорда педагогикалық институты тарих кафедрасының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, тарих және құқық факультетінің деканы қызметтерін атқарып, білім саласының дамуына зор үлес қосты. Тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылым докторы, профессор. Қызылорда облысының облыстық маслихат депутаты, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы.


Соңғы жаңалықтар