Токиода «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көрмесі ашылды

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат – Бүгін Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында көрме ашылды.

Елбасының ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамалары Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін алғаш рет шетелдік қоғамдастыққа ұсынылып отыр. Көрмеде атом қуатын бейбіт мақсатта қолданатын ядролық қарудан азат әлем тұжырымдамасының бастауы мен мазмұны толық көлемде ұсынылған. Музейлік, архивтік және кітап материалдары негізінде ядролық қарусыздану және жаһандық қауіпсіздік жүйесін құру мен дамытудың қағидаттарын жасақтаған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жаһандық ауқымды тұлғасы көрсетілген.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ядролық қуатты әскери мақсатта жабайылықпен қолданудың кері салдарынан қатты зардап шеккен Қазақстан мен Жапония тағдырының ортақтығын атап өтті. Оның сөзінше, аталған жоба – халықтар арасындағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің негізі болып табылатын ядролық қауіпсіздіктің жаһандық тақырыбы бойынша құжаттық дереккөздерді, музейлік және кітап топтамаларын жинау мен зерттеудің нәтижесі.

«Бүгін, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сіздерге екі ел үшін маңызды да қызықты көптеген сұрақтар мен тақырыптарды қамтитын көрмені зор қуанышпен әрі үлкен толқумен ұсынамын. Қазақстан да, Жапония да, осы екі елдің басшылары қабылдаған пәрменді шаралар негізін қалаған саяси мәдениет пен тарихи дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Күн тәртібін өркениетті үнқатысу мен еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі мен гүлденуі үшін алған міндеттемелерді дәйекті орындауға ортақ қажеттіліктер анықтайды», - деді Ә.Рахымжанов.

«Бүгінгідей көрме Жапонияда алғаш рет өтуде. Мұнда наградалар ұсынылған, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген Жапонияның жоғары мемлекеттік наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) ордені бар. Сондай-ақ, Елбасыға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру сәті бейнелеген фотосурет те бар. Жоба аясындағы қор көрмесі, халықаралық конференциядан тұратын іс-шаралар - екі елдің ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету ниетінің көрнекі мысалы. Бұдан басқа, мұнда жапондық қоғамдастыққа қазақтың зергерлік бұйымдары, ұлттық киімі ұсынылған. Бұл – біздің тарихымыз бен мәдениетімізді таныстыруда аса маңызды», - деді қор көрмесінің экспозицияларымен танысқан Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев.

Көрменің алғашқы келушілерінің бірі токиолық кәсіпкер Юуичиро Миками болды. Оны Қазақстанмен Алматы қаласында оқыған жылдар байланыстырады.

«Жапония Қазақстан туралы ақпаратқа зәру. Менің өзім сіздердің еліңізде оқығаныма қарамастан Қазақстан туралы аз біледі екенмін. Мұны еліміз арасындағы ортақ қырларды ашқан бүгінгі көрмеден түсіндім. Көрмеде зерттеуді қажет ететін көптеген тарихи деректер терең көрсетілген. Бүгінде менің бизнесім медициналық туризм саласында дамуда. Менің ісімнің қазақстандықтарға да пайдасы тиер деп үміттенемін», - деді Ю.Миками.

«Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі жобасының көрмесінде 350-ден астам (экспонаттар, архивтік құжаттар, фото- және бейнематериалдар) экспозиция ұсынылған. Көрме үш бөлімнен тұрады: «Ұлы дала елі: өткен мен болашақ аралығында»; «Ядролық қарусыз әлем жолында»;«Қазақстан-Жапония: бейбітшілік үшін ынтымақтастық».

Шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі мен Қорының, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі және Гои бейбітшілік қорының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасына көрмемен қатар Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде ядролық қарусыздану саласындағы беделді сарапшылардың қатысуымен бүгін өтетін халықаралық конференция да кіреді. Конференция Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалысты дамытудағы қызметіне арналған.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені Елбасы кітапханасының ғылыми-экспозициялық жобасы аясында арнайы дайындалған фильмді ұсынады.



Соңғы жаңалықтар