Токио Олимпиадасына іріктеу: Су добынан әйелдер құрамасы екінші рет жеңілді
Ойын барысында венгриялық ватерполшы қыздардың басымдығы айқын аңғарылып тұрды.
Бірінші кезеңде венгриялықтар 7:2, одан кейін 6:3 есебімен жеңді.
Үшінші және төртінші кезеңде олар 5:1, 5:0 есебімен тағы да басымдық танытты.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы қарсыласына 6:23 есебімен есе жіберді.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық ватерполшы қыздар В тобында сынға түсіп жатыр.
Қарсыластары - Грекия, Венгрия және Израиль құрамалары. Бүгін Грекия мен Израиль ватерполшылары да шеберлік байқасады.
Кеше құрамамыз Грекиядан 5:13 есебімен жеңіліп қалды . Сол күні Израиль құрамасы Венгрияға 2:27 есебімен ығына жығылды.
Енді қазақстандық спортшылар 21 қаңтарда Израильмен ойнайды. Ал Грекия мен Венгрия өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетелік, Қазақстан құрамасы Олимпиадада екі мәрте бақ сынады . Атап айтқанда, 2000 жылы - 6, 2004 жылы - 8 орын алды.