Токио Олимпиадасына баратын боксшылар Ақтауда анықталады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы бокстан Қазақстан чемпионаты Ақтау қаласында өтетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ел біріншілігін өткізу мәртебесі Маңғыстау облысына бұйырып отыр. Қазақстан бокс федерациясы аймақтардан келіп түскен өтініштерді тыңғылықты зерделей келе, Қазақстан чемпионатының жалауын қазыналы қарт Каспий өңірінде желбіретеміз деп ұйғарды. Маңғаз Маңғыстау жерінде тұңғыш рет өткелі отырған бокстан республика біріншілігі екі мың жанкүйерге шақталған «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде 11 - 18 қараша аралығында өтеді деп жоспарланған», - делінген федерация ақпаратында.

Маңғыстау облысы бойынша бокс федерациясының президенті Марат Ормановтың айтуынша, байрақты бәсеке Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойымен де ұштастырылып отыр.

«Маңғыстау облысында бокстың беделі асқақтап тұр. Мыңдаған жастарымыз осы спортқа ден қойған. Барлық 5 аудан мен Жаңаөзен, Ақтау және Форт-Шевченко қалаларында бокс үйірмелері тұрақты түрде жолға қойылған. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Барша спортсүйер қауымды жанкүйер болуға шақырамын. Жарыс өте тартысты болады. Себебі, оқ бойы озып шыққан үздіктер ұлттық құрамаға іріктеліп алынып, 2020 жылы Токиода болатын Олимпиадаға барады», - дейді Марат Орманов.

Соңғы жаңалықтар