Токио Олимпиадасы алауының эстафетасы 121 күнге созылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті Токио-2020 Олимпиада алауының эстафетасы туралы алғашқы мәліметтермен бөлісті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҰОК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Эстафета кестесіне Жапонияның 47 префектурасы енеді. Бұл әр аймақтың түрлі мәдениеті мен ерекшеліктерін әлемге паш етуге берілген үлкен мүмкіндік болмақ. 

Олимпиада алауының жорығы 2020 жылдың 26 наурызында Фукусима префектурасынан басталып, елдің оңтүстігіне жол тартады. Ұйымдастырушылар алау эстафетасы сакура гүлдейтін кез - сәуір айында Жапонияның орталық аймағын басып өтетінін айтады. Кейін эстафета Жапонияның оңтүстік-батысына бет түзеп, мамырдың басында елдің  ең шеткі оңтүстік нүктесіндегі префектура Окинава аралдарына жетеді. Мамырдың ортасында алау эстафетасы Киото арқылы солтүстік аймақтарда өтеді, кейін оңтүстікке қайта оралып, Токиода сапарын аяқтайды. 

Эстафета жалпы есебі 121 күнге созылады. Ұйымдастырушылар комитетінің айтуынша, алау эстафетасы әлем назарын Олимпиада ойындарына аударып қана қоймай, 2011 жылғы жер сілкінісінен соң әлі күнге дейін қалпына келтіру үдерісі жүріп жатқан аймақтарға ілтипат көрсетуге әсерін тигізбек. Эстафетаның ұраны - «Үміт біздің жолымызды сәулелендіреді».

Алау эстафетасының нақты бағыты жақын айларда таныстырылып, 2019 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті бекіткен соң жарияланады. 

Соңғы жаңалықтар