Токио-2020: Жолдамалар саны 35-ке жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәл қазіргі есеп бойынша қазақ спортшылары спорттың 16 түрінен Токио Олимпиадасына 35 жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең көп лицензия боксшылардың еншісінде. Атап айтар болсақ, бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде ерлер құрамасы - 5, әйелдер боксынан ел қоржынына 1, жалпы саны 6 жолдама түсті.

Екінші орындарды еркін күрес балуандары мен садақ атушылар өзара бөлісіп тұр. Аталған спорт түрлерінен төрт-төрттен барлығы 8 жолдама бар.

Үшінші орында 3 жолдамаға иелік еткен жеңіл атлеттер мен тасжолдағы велоспортта сынға түсетін спортшылар тұр.

Ал жүзу спортынан - 2, грек-рим күресінен - 2, әйелдер күресінен 2 лицензия бұйырған болса, қазіргі бессайыстан тағы 2 жолдамамыз бар.

Келесі спорт түрлерінен әзірге Олимпиадаға бір-бірден жолдама еншіледік - ашық суда жүзу, синхронды жүзу, спорттық құзға өрмелеу, спорттық гимнастика, стенд ату, нысана көздеу, каратэ.

Айта кетейік, Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі әлі аяқталған жоқ. Демек, боксшыларымыз жолдамалар санын әлі де арттырады деген үміттеміз.


Соңғы жаңалықтар