Токио-2020: Закир Сафиуллин бүгін австралиялық боксшымен кездеседі

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық Закир Сафиуллин (63 келі) бүгін ширек финалда австралиялық Харрисон Гарсайдпен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Закирдің қарсыласы - Харрисон Гарсайд 1997 жылы 22 шілдеде дүниеге келген. Әзірге халықаралық деңгейде жоғары табыстарға қол жеткізе қойған жоқ.

Ол Олимпиададағы жарысын бірінші іріктеу кезеңінде Папуа-Жаңа Гвинея елінен келген Джон Умені, одан кейін намибиялық Йонас Йонасты 5:0 есебімен жеңді.

Ал Закир Сафиуллин 1986 жылдың 11 қарашасында туған. 2015 жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Олимпиадада Закир бірінші іріктеу кезеңінде перулік Леодан Пезоны 5:0 есебімен жеңсе, одан кейін жапониялық Дайсуке Наримацу денсаулық жағдайына байланысты шаршы алаңға шығудан бас тартты.

Бүгінгі жекпе-жек астана уақытымен сағат 15:35-ке белгіленген.

Закир қарсыласын жеңген жағдайда жартылай финалда кубалық Энди Круз және бразилиялық Вандерсон Оливейрамен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға бокстан ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Закирден өзге Сәкен Бибосынов (52 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жарысты жалғастырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар