Токио-2020: Қазақстандықтардың 14-інші жарыс күні қалай өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Токио төріндегі Жазғы Олимпиада ойындарының 14-інші жарыс күнінде қазақстандықтар бір де бір медаль иелене алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін күрес кілемінде кешегі белдесулерін сәтті бастаған Данияр Қайсановтың бүгін жолы болмады. Ел медаль күткен балуан қола медаль үшін өткен тартыста өзбекстандық Бекзод Абдурахмоновтан 13:2 есебімен жеңіліп, жүлдесіз қалды.

Тағы бір еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбеков ертең өтетін «жұбаныш финалына» жолдама алды. Дәулетті жыққан Гаджи Әлиев финалға шыққандықтан, отандасымыз медальға таласу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандық балуан алғашқы айқасында кубалық Алехандро Вальдесті 21:11 есебімен жеңген болатын. Г. Әлиев жартылай финалда үндістандық Баджранг Баджрангты 12:5 есебімен жарыс жолынан шығарды. Осылайша, қазақстандық балуан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алып отыр. Дәулеттің ендігі қарсыласы - сенегалдық Адама Диатта.

Күрестің осы түрінен 97 келі салмақта сынға түскен Әлішер Ерғали жартылай финалдық жолдаманы түркиялық Сүлеймен Қаратеңізбен сарапқа салған болатын. Тартысты белдесу түркиялық балуанның жеңісімен аяқталды.

Әйелдер күресінде 50 келі салмақта Валентина Исламова кілемге шықты. Жарыстың бірінші айналымында ол эквадорлық Лусии Ямили Йепес Гусманиден 6:9 есебімен жеңілді.

Каратэден 75 келі салмақта ел насымын қорғаған Нұрқанат Әжіқанов жартылай финалға бір қадам қалғанда сүрінді. Нұрқанат өз тобында Австралия, Италия спортшыларын жеңіп, Германия және Әзербайжан каратэшілеріне есе жіберді. Осылайша өз тобында төртінші орын алып, жартылай финалға шықпай қалды. Нұрқанат Әжіқанов сынға түскен В тобында әзербайжандық Рафаэль Агаев пен италиялық Луиджи Буса жартылай финалға өтті.

Көркем гимнастшы Алина Әділханова да бүгін бақ сынаған болатын. Ол көпсайыс қорытындысы бойынша 83.800 ұпай жинап, 21-ші орынға тұрақтады. Бұл ұпаймен финалға шығу мүмкін болмады.


ФОТО: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК


Соңғы жаңалықтар