Токио-2020: Қазақстандық спортшылар қоржынында 5 жолдама бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тура бір жылдан соң, 24 шілде күні Токиода төртжылдықтың ең маңызды спорттық оқиғасы – 2020 жылғы Олимпиада ойындары басталады. Оған қазақстандық бес спортшы жолдама жпеңіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы аталған ойын қарсаңында Олимпиада жолдамасына таласуда. Бүгінге дейін #TEAMKZ спортшылары бес жолдама еншіледі. 2020 жылғы Олимпиада ойындарына әлемнің барлық мемлекетінен 11 090 спортшы қатысады. Осы орайда, ерлер мен әйелдер теңдігі сақталғанын айта кету керек. Жалпы, қатысушылардың 49 пайызы - әйелдер. Олимпиада ойындарында 33 спорт түрінен 339 медаль таратылады. Ал мультиспорттық доданы ұйымдастыруға 200 мыңнан аса ерікті көмектеседі.

Олимпиадалық спорт түрлерінен халықаралық федерациялар ойынға қатысатын атлеттерді іріктеуден өткізу жүйесін біршама қиындатты. Негізінен, спортшыларды рейтинг арқылы іріктеу жүйесі қолданысқа енді. Атап айтар болсақ, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, карате сынды спорт түрлерінде төртжылдық додасына іріктеу кезеңі рейтинг арқылы есептелуде.

Жыл басынан бері әлем спортшылары Олимпиада лицензиясына таласты бастады. Спорттың барлық түрлері бойынша 2020 жылғы ойындарға іріктеу кезеңі басталып кетті. Қазақстан командасы сапынан Токио ойындарының алғашқы жолдамасын жеңіл атлет Георгий Шейко иеленді. Ол наурыз айында өткен Азия чемпионатында спорттық жаяу жүрістен күміс жүлде жеңіп алды. Шейконың уақыт көрсеткіші – 1 сағат 20 минут 21 секунд. Бұл - 1 сағат 21 минутқа сай келетін Олимпиада нормативі үшін жеткілікті көрсеткіш.

Сәуір айында #TEAMKZ қоржыны тағы екі лицензиямен толықты. Ашық суда жүзуден Кувейтте өткен Азия чемпионатында Виталий Худяков алтын жүлдегер атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Ол 10 шақырымға жүзуден Токио ойындарының лицензиясына қол жеткізген.

Бірнеше күннен соң жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге жолдама бұйырды. Ол Гуанджоуда өткен Champions Swim Series турнирінің бірінші кезеңінде 200 метрге брасс әдісімен жүзуден лицензия ұтып алды. Ал шілде айында Дмитрий 100 метрге брасс әдісімен жүзуден тағы бір жолдаманы қоржынға салды. Кванджуда өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатының жартылай финалында Баландин Олимпиада нормативін орындаған болатын.

30 маусым күні жеңіл атлетикадан ұлттық құрама үздігі Ольга Рыпакова Алматыда өткен лицензиялық Қазақстан кубогінде жолдамаға иелік етті. Рыпакова үш қарғып секіруден 14.37 нәтижесін көрсетіп, өзінің төртінші Олимпиадасына жолдама алды.


Соңғы жаңалықтар