Токио-2020: Қазақстандық спортшылар бүгін үздік нәтиже көрсетті

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат – Бүгін Токио Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық спортшылар ел қоржынын 3 қола медальмен толықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі алғашқы «қоланы» 52 келідегі боксшы Сәкен Бибосынов алып келді. Ол ұлыбританиялық Галал Яфайдан айласын асыра алды.

С. Бибосынов 1997 жылы дүниеге келген. 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спортшысы, ефрейтор.

Кейін тағы бір қола медальмен еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрислам Санаев қуантты. Ол кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті 5:1 есебімен ұтты. Айта кетсек, бұл - қазақстандық балуандардың Токиодағы алғашқы медалі. Нұрислам Санаев 1991 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионаттарында 2018 жылы - күміс, 2019 жылы қола жүлде алған. 2018 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз болса, 2017 жылы үшінші орын бұйырды.

Ел қоржынын үшінші «қоламен» каратэші Дархан Асаділов толықтырды. Ол жартылай финалда Франция өкілі Стивен де Костамен кездесіп, 5:2 есебімен ұтылып қалды.

Дархан каратэ тарихында Қазақстанның тұңғыш Олимпиада жүлдегері болып отыр. Ол 1987 жылы 8 тамызда дүниеге келген. Әлем чемпионатында екі мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген. Азия чемпионаттарында бірнеше рет жеңіске жеткен.

Еске салсақ, Қазақстан еншісінде барлығы 7 қола медаль бар. Жүлделерді бұған дейін дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер - Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев алып келген еді.

13-інші жарыс күнінен кейін Қазақстан медальдар кестесінде кешегі 75-інші орыннан 76-ға сырғыды.


ФОТО: Жеңіс Ысқабай, Қазақстан ҰОК


Соңғы жаңалықтар