Токио-2020: Қазақстан қоржынында Олимпиаданың қанша жолдамасы бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Токио-2020 Олимпиада ойындарының басталуына тура 300 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келесі 2020 жылы 24 шілде күні басталып, 9 тамызда мәресіне жететін ХХХІI Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары қанша жолдама жеңіп алғанын бір шолып өткенді жөн көрдік.

2020 жылғы Олимпиадаға әлемнің барлық мемлекетінен 11 090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Олимпиада ойындарында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Бүгінгі таңда спорттың барлық түрі бойынша 2020 жылғы ойындарға іріктеу кезеңі басталып кетті. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында спорттың 10 түрінен 20 жолдама бар.

Атап айтар болсақ, күрес түрлерінен Астанада өткен әлем біріншілігіне дейін қазақстандық спортшылар арасында ашық суда жүзуден - 1, жеңіл атлетикадан - 2, велоспорттан - 1, бассейнде жүзуден - 2, садақ атудан - 4, спорттық құзға өрмелеуден - 1 жолдама жеңіп алды.

Ал елорда төрінде күрес түрлерінен өткен әлемдік дода спортшыларымызға 8 жолдама сыйлады. Нақтырақ айта кетсек, грек-рим күресі шеберлері 2 жолдамаға иелік етсе, әйелдер күресінің балуандары да 2 жолдаманы жеңіп алды. Ал еркін күрес шеберлері болса, төрт салмақ түрінен жолдамаға ие болды.

Сонымен, әзірге Олимпиадаға 20 жолдамамыз бар. Алда спортшыларымызды әлі де көптеген лицензиялық жарыстар күтіп тұр. Негізгі Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын додалар келесі жылдың басында басталады. Сондықтан, алдағы уақытта бұл сандар көрсеткіші еселене береді деген үміттеміз.

Соңғы жаңалықтар