Токио-2020: Қамшыбек Қоңқабаев финалға шыға алмады

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жартылай финалда АҚШ боксшысы Ричард Торрезбен қолғап түйістірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі жекпе-жектің бірінші раундында америкалық боксшының басымдығы аңғарылды. Екінші раундта Қамшыбек алға ұмтылып, қарсыласына біраз соққы жұмсады. Десе де соңғы сәтте нокдаун алып қалды. Үшінші раундта Қамшыбектің жарақат алып қалуына байланысты жарыс тоқтатылды. Финалға Ричард Торрез шықты.

Қазақстандық боксшы бұдан бұрын мысырлық Юсри Резк Мұстафа Хафез бен ресейлік Иван Верясовты жеңді.

Енді қарсыласы - Ричард Торрез 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Қазірге дейін әуесқой бокста 60 жекпе-жек өткізіп, оның 51-де жеңіске жетті. 2016 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы Панамерикан ойындарында да дәл сол жетістігін қайталады. 2019 жылғы әлем чемпионатында ол ширек финалда қарсыласына нокаутпен ұтылды. Әзірге басқа қол жеткізген табыстары жоқ.

Аталған салмақта өзбекстандық Баходир Жалолов жартылай финалда ұлыбританиялық Фрейзер Кларкты жеңіп, финалға жолдама алды.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Қамшыбектен өзге Сәкен Бибосынов (52 келі) 5 тамызда жартылай финал ойынын өткізеді.


Соңғы жаңалықтар