Токио-2020: Бас бапкер Нұрсұлтан Тұрсыновтың ойынына баға берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токио Олимпиадасында Нұрсұлтан Тұрсыновтың алғашқы белдесуде жеңіліп қалғанына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Өкінішке орай, біздің спорт түрі үшін бәрі аяқталды. Бүгін Нұрсұлтан Тұрсынов неміс балуанымен күреске шықты. Ол – Олимпиада ойындарының жүлдегері. Жекпе-жекте біздің спортшымызды бірінші қойды. Екінші үзілісте неміс спортшысын қойды. Нұрсұлтан айла-тәсіл жасады. Бірақ, бұл әдіс бағаланбады. Мен шағым түсірдім, оны қарады. Нәтижесінде бұл екі ұпай бізге берілмеді, әйтсе де бұл барлық жағынан толық көтерілу болды. Осы екі ұпайды бергенде Нұрсұлтан жеңіске жетер еді», - деп түсіндірді бас бапкер Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингіде.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қазақстандықтардан спортшыларды барынша қолдауды сұрады. Өйткені Олимпида әлі аяқталған жоқ.

«Қандай да бір спорт түрі бойынша маман болып, қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Барлық қазақстандықтардан әлі шығатын спортшыларға барынша қолдау көрсетуді сұраймын. Жеңілген кезде қалай қиын боларын өз тәжірибемнен білемін. Барлығынан спортшыларды қолдауды сұраймын. Біз әлі де күресетін боламыз», - деді Серік Сәпиев.

Еске сала кетсек, бүгін 87 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов кілемге шықты. Оның алғашқы қарсыласы германиялық Денис Кудла болды. Екеуара кездесу 4:1 есебімен неміс спортшысының еншісіне шешілді.



Соңғы жаңалықтар