Тоқаевтың Сеулдегі Абай мүсінінің ашылуында сөйлеген сөзі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға мемлекеттік сапары аясында Сеулдегі Абай мүсінінің ашылуында сөйлеген сөзі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының мүсіні ашылған болатын. Сеулде орнатылған бюстің ашылу салтанаты бейнеленген видеоны Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook -тегі парақшасында жариялады.

Жобасы Қазақстанда дайындалып, сұлбасы Кореяда қоладан құйылған мүсіннің ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ойшылына арналған ескерткіштің университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

«Абай жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді, жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Абай шығармалары әлемнің бірқатар тіліне аударылды. Соның ішінде корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық», - деген Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасымыздың тамыры тереңде жатқанын атап өтті.

«Кезінде туған елінен амалсыз ажыраған мыңдаған кәріс азаматы қазақтың жерінен пана тапты. Бүгінде олар Қазақстанды отаным деп санайды. Кәріс бауырларымыз егемен елімізді өркендетуге барынша үлес қосып келе жатыр. Сонымен бірге олар екі мемлекеттің арасында дәнекер болуда. Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы кезеңде елдеріміз сенімді серіктеске айналды. 2010 жыл Қазақстанның Кореядағы жылы деп жарияланды. 2011 жылы Кореяның Қазақстандағы жылы деп аталды. Сол арқылы біз барлық бағыттағы байланыстарымызды дамыттық. Әсіресе мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық», - деді Президент.

Салтанатты шарада сөйлеген сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ойшылының мүсінін Корея астанасында орнатуға атсалысқан адамдардың бәріне алғыс айтты.

«Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табады. Қазақстанның жетекші оқу орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білеміз. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық ерекше жағдай. Көптеген қазақ жастары корей уинверситеттерінде білім алуда. Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухында дамыта түсуге жол ашады. Баршаңызды Корея астанасында Абай ескерткішінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл – екі ел үшін де айтулы тарихи оқиға. Осы маңызды шараға атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Абай мұрасы Корея халқының рухани әлемінен өз орнын табатынына кәміл сенемін», - деп түйіндеді Қазақстан басшысы.


Соңғы жаңалықтар