Тоқаевтың сайлауалды штабында Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесу өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабында Президенттік жастар кадрлық резерві (ПЖКР) мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат кандидаттың республикалық қоғамдық штабына сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін құру идеясын өзінің 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында жариялағаны белгілі. Резерв жастар үшін әлеуметтік лифт ретінде құрылды. Сол жылы алғашқы іріктеу өткізіліп, 300 жас таңдалды. 2021 жылы резерв тағы 50 қатысушымен толықты.

Кездесуде «АМАNАТ» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы айтып берді.

Резерв мүшелерінің арасында қазір Германия, Сингапур сияқты басқа да шетелде жүрген жастар бар. Олар кездесуге онлайн қатысып, өздері жүрген елдердегі арнайы сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге ниетті екендерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада президент сайлауы өтеді.


Соңғы жаңалықтар