Тоқаевтың сайлауалды штабына халықаралық байқаушылар мен 44 журналист келді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының, Америка Құрама Штаттарының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының халықаралық байқаушылары президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Штаб мүшелері оларға үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабының және арнайы жастар алаңының жұмысын таныстырды.

Жалпы, үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады.

Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат шарасына 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесу барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабына әлемнің 37 елінен 44 халықаралық бұқаралық ақпарат құралының өкілі келді.

Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Испания, Бельгия, Австрия және т.б. елдерден келген журналистер бар.

Фото: t.me/toqaev2022
Соңғы жаңалықтар