Тоқаевтың Германияға сапары екі елдің серіктестігін нығайтады

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары Германия Федеративтік Республикасымен серіктестікті нығайтады.

Мұндай пікірді Орталық Азия жөніндегі неміс сарапшысы әрі журналист Урс Ункауф білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Германия мен Еуропаның Орталық Азиядағы ірі экономикалық серіктесі саналады. Қазақстандық тараптың экономикалық дипломатияға бейілдігі осынау динамиканы үнемі толықтыра түсуге сеп болып отыр», - дейді «ҚазАқпаратқа» электронды пошта арқылы хат жолдаған неміс журналисі.

Оның дерегінше, 2005 жылдан бастап биылғы жылдың 2-тоқсанына дейінгі аралықта Германияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 5,2 млрд долларға жетіп отыр.

«Қазан айының басында Берлинде өткен герман-қазақ экономикалық форумында ҚР Премьер-Министрі Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация шамамен 700 млн долларды құрайтын инвестициялық жобаларға тағы да бастама жасай алды. Саяси көзқарас тұрғысында Қазақстан Германия мен Еуропалық Одақ үшін өңірде маңызды рөлге ие. Әлеуметтік тұрақтылық тән Қазақстан Еуразиядағы қауіпсіздіктің және жанжалдарды бейбіт реттеудің орнын ешкім баса алмайтын қозғаушысы саналады», - деп атап өтеді сарапшы.

Урс Ункауфтың пайымынша, Қазақстанның жан-жақты бейбіт бастамалары, мәселен ядролық қарусыздандыру үшін күресі немесе Еуразия мен Еуропа арасындағы диалогқа септесуі жоғары халықаралық құрметке ие болды. Сондықтан да сарапшы Орталық Азиядағы герман сыртқы саясатының мақсаты мен Қазақстанның мүдесі көп жағдайда сай келіп отырады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде ЕО мемлекеттеріне алғашқы ресми сапарын Германиядан бастауына қатысты пікір білдірген ол мұндай қадамды ресми Нұр-Сұлтанның Берлинді Еуропадағы негізгі серіктес ретінде қарастыруымен түсіндіреді.

«Жоғарыда аталған қарқынды экономикалық қатынастар ғана емес, сонымен бірге көптеген мәдени және жеке байланыстар екіжақты тамаша қарым-қатынас үшін айтарлықтай фактор саналады», - деді ол.

Оның пайымынша, Берлиндегі Неміс-қазақ қоғамдастығы, Алматыдағы Қазақстан-неміс университетінің қызметі елдер арасындағы қарым-қатынасты нықтай түседі.

«Президенттің Берлинге сапары Қазақстанның Орталық Азиядағы Германияның маңызды серіктестігі ретіндегі рөлін нығайта түсуге септігін тигізеді», - деді Урс Ункауф.

Бұған дейін 5-6 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен баратындығын хабарлаған едік.

Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар