Тоқаев Үкімет пен әкімдер қай салаға басымдық беруі керектігін айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіп кешенін дамыту Үкімет пен облыс әкімдері жұмысының басымдығы болуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуал дәйекті сын тудырады. Соңғы 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінде 2,4 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан елдің жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5 пайыздан аспады. Экспорттық әлеует те ашылмады. Халықтың азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз ету мәселесі сақталып тұр. Елде тұтынылатын негізгі азық-түліктің жартысын біз импорттап отырмыз. Бұл жайында көп сөз де, тапсырма да болды. Бірақ тапсырма шешілмей келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін жаңа әрі ең бастысы сындарлы әдіс қажет.

«Агроөнеркәсіп кешені көп зардап шеккен сала. Онда көптеген сынақтар жүргізіліп, іс жүзінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай зиян келді. Бұл бағыт ертеңнен бастап-ақ Үкімет пен облыс әкімдері жұмыстарының басымдығы болуы тиіс. Мұнан ары дәл осылай жалғастыра беруге болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Соңғы жаңалықтар