Тоқаев Түрікменбашы–Қарабұғаз–Қазақстан шекарасы жаңа автомобиль жолын салуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түрікменстан теңіз порттары арасындағы кооперацияны тереңдетеді. Бұл туралы бүгін Ақордада Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолын толық қуатына шығару үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға келістік. Қалыптасқан логистикалық тізбектердің үзілуі аясында бұл бағытқа сұраныс күрт өсті. Сондықтан біз аталған магистралды дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырдық», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті екі ел де барынша пайда алуы үшін логистиканы жақсарту, бәсекелестік тарифтер құру, инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін айтты.

«Ақтау, Құрық, Түрікменбашы теңіз порттары арасындағы кооперацияны тереңдету мәселелері жеке талқыланды. Бұл бағыттар Қазақстан мен Түркіменстанның көліктік-логистикалық өзара іс-қимылының маңызды бағыты болып табылады. Мұнда Түрікменбашы–Қарабұғаз–Қазақстан шекарасы жаңа автомобиль жолының құрылысы үлкен мүмкіндіктер ашады. Біз сондай-ақ екі елдің іскер топтары мен кәсіпорындарының қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін атап өттік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар