Тоқаев ТМД елдері басшыларын тұщы су проблемасын бірлесіп шешуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұщы суға қатысты проблеманы бірлесіп шешуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдеріміз тек классикалық сын-қатерлерге ғана емес, сонымен бірге табиғи және техногендік сипаттағы тәуекелдерге де ұшырайды. Қазақстан экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері шешімін ілгерілетуде ынтымақтастыққа шақырады. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметтеріне сәйкес, қазір Жер шарындағы су ресурстарының жарты пайызы ғана тұщы су ретінде тұтынуға жарамды. Бұған қоса, өткен жылы 2 млрд адам қауіпсіз ауызсуға қол жеткізуде қиындыққа тап болды. Бұл ТМД кеңістігінде су ресурстарын, трансшекаралық өзендерді пайдалануда орын алып отырған проблемаларды шешу үшін нақты қадам жасау қажеттігін көрсетіп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ҚР Президенті жаһандық жылынумен күрес жағдайында төмен көміртекті экономикаға көшу мәселесі де өзекті болып келе жатқанын баса айтты.

«Бұл үшін Достастық елдеріне технологиялық және экономикалық құрылыстың күрделі трансформациясы арқылы өтуге тура келеді. Қазақстан қазірдің өзінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына көшу ниетін жария етті. Бұл мәселеге экономикаларымыздың ерекшеліктерін ескере отырып, барынша сындарлы, тиімді жақындауымыз қажет деп санаймын. Сондықтан ТМД аясында жалпытұжырымдық әдістер әзірлеген жөн болар еді», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар