Тоқаев Тәуелсіздік мерекесін атап өту туралы: Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.

«Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды» – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе Президент Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.

«Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар