Тоқаев сайлауға қандай коалиция атынан түсуі мүмкін - Қанат Мусин жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауына қандай коалиция атынан түсуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңға сәйкес, бір республикалық бірлестік тек бір кандидатты ғана ұсына алады. Ал коалиция дегеніміз ол - саяси термин. Барлық бірлестік бір кандидатты ұсынса, ол коалиция болып саналады», - деді Қанат Мусин AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезі аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министрдің түсіндіруінше, коалиция атынан кандидат ұсыну үшін бірлескен съезд және басқа да жиын өткізудің қажеті жоқ. Себебі әрбір ұйым өз ұсынысын жасап қойған. Ал заңда коалиция атынан сайлауға қатысуға еш шектеу қарастырылмаған.

Айта кетейік, кеше Павлодар облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатқанын айтқан болатын.

«Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін AMANAT партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну шешімін қабылдаған болатын. Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Халық партиясының» кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар алдағы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

Бұған дейін Қ.Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған еді.




Фото: arnapress.kz




Соңғы жаңалықтар