Тоқаев президенттігі бірінші жылының нәтижелері қазіргі ұстанымның жүзеге асырылатындығын көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан тура бір жыл бұрын 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда президент сайлауы өтіп, онда қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ал 12 маусымда Қазақстан Президентінің ұлықтау рәсімі болып, Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми кірісті. Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, ғалым Леся Қаратаеваның Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы бірінші жылының нәтижелері туралы мақаласы жарияланды.

Ғалым мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдық қызметіндегі халықтың әл-ауқаты және табысының өсуі, сапалы әрі қол жетімді медицина, білім беру сапасын арттыру және Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы сынды 4 саладағы нәтижелерге тоқталады. ҚазАқпарат мақаланың толық мәтінін жариялайды.

***


Халықтың әл-ауқаты және табысының өсуі

Қазақстан Республикасы Президентінің лаузымында Қасым-Жомарт Тоқаев халық табысының өсуін басым міндеттерінің бірі ретінде анықтайды. Бұл мақсатқа жету тұрақты экономикалық өсуді талап етеді. Өткен жылы Қазақстанның экономикалық өсу көрсеткіштері әлемдік орташа деңгейден асып түсті. Сонымен бірге, экономикалық белсенділіктің өсуі шикізат емес сектордың өндіріс көлемінің ұлғаюының нәтижесі арқылы болды. Жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және машина жасау салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Өкінішке орай, Covid-19 пандемиясы экономикалық даму жоспарларын өзгертіп жіберді. Бүгінгі күн тәртібінде экономика секторларының әрқайсысының, бірінші кезекте энергетика мен өнеркәсіптің рөлін анықтау және экономиканың жаңа құрылымын құру мәселелері тұр.

Сонымен бірге, әлеуметтік-экономикалық саясатқа бұрын енгізілген императивтер пандемиядан кейінгі жаңа жағдайда тиімді болмақ. Осындай қажеттіліктердің қатарына ресурстық менталитеттен бас тарту және экономиканы әртараптандыру, квазимемлекеттік сектордан түсетін кірістердің артуы, мемлекеттің тұрақтандырушы рөлі бар нарықтық институттар мен тетіктердің дамуы, аймақтық дамудың тепе-теңдігі, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, сондай-ақ отандық өндірістің басымдылығы жатады.

Халықтың әл-ауқатының өсуі жұмысқа орналасу мүмкіндігіне, тұрғын үй мәселесіне және қоршаған ортаның сапасына тікелей байланысты.

Шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс түрлерін дамыту және шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталарды азайту жүйелі деңгейде жұмыссыздықты азайтуға ықпал етеді. Індеттен кейінгі кезеңде «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру үшін бөлінген қаржы ресурстарын кеңейту және олардың аймақтық өкілдігін қамтамасыз ету ерекше маңызды. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жобалардың негізгі бағдарлары жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді экономикалық кіріс әкелетін активтер құруға немесе адами капиталды дамыту үшін бағытталған.

Құрылыс кластерінің дамуы жұмыспен қамтудың өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, қолжетімді баспана салу, бір жағынан, отандық экономиканы дамыту үшін қуатты ынталандырғыштардың бірі ретінде, ал екінші жағынан, әлеуметтік қолдау факторы ретінде болады. Осы бағыттағы мемлекеттік саясат мынадай қағидаттарды басшылыққа алады. Мемлекеттік қолдау тек мұқтаж адамдарға көрсетілуі керек, әлеуметтік тұрғын үй кезегінің жылжу процесі туралы мемлекеттік органдардың толық ашықтығы мен есеп беруі, әлеуметтік тұрғын үй алуды қолдау үшін мемлекет ұсынатын нысандарды әртараптандыру, мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту.

Конституциялық нормалар Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді. Бұл мемлекетке әртүрлі жағдаяттарға байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды қолдау міндеттемесін жүктейді. 2017-2019 жылдар арасындағы кезеңде бюджеттен әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражат көлемі 17 есе өсті. Алайда қабылданған шешімдердің кейбіреуі дұрыс болмағандықтан масылдық көңіл-күй өсу тенденциясын туғызды. Бұл жағдай осы мәселеге қатысты мемлекет көзқарасының жаңаруына әкелді. Мемлекеттің халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау саласындағы негізгі міндеттері адамдарға жұмыс істеуге ынталандыратын, қолдауды алушыларға ғана емес, сонымен бірге халықтың басқа да топтарына қатысты әділеттілік қағидасын сақтай отырып, қолдау көрсететін модель құру болды.


Сапалы және қолжетімді медицина

Коронавирус пандемиясы еліміздегі денсаулық сақтау мәселелерінің өзектілігін едәуір арттырды және дәрігерлеріміздің ерліктерін бағалауға ғана емес, сонымен қатар жалпы халықтың денсаулығын қорғау жүйесіндегі әлсіз тұстарды көруге мүмкіндік берді.

Былтыр шілде айында Үкіметтің кеңейтілген отырысы мен Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы халықтың денсаулық көрсеткіштеріндегі аймақтық теңгерімсіздік проблемаларына, қала мен ауыл арасындағы халыққа медициналық көмек қолжетімділігінің елеулі алшақтылығына, сондай-ақ ана мен бала өлімінің жоғары деңгейіне назар аударды. Анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған қызметтің негізгі бағыттары әр аймақ үшін медицинадағы нақты нозологиялар тізімін құру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізуге арналған ақпараттық-түсіндірме жұмысының сапасын жақсарту болды.

Қазақстандықтардың денсаулық сақтау жүйесінің құқықтық реттеу саласында өткен жылдан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенатқа жіберілді.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуі саланы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сонымен қатар медициналық қызметтермен қамтамасыз етуде және олардың сапасында ілгерілеушіліктің болмауына байланысты қауіптер туралы мәселені туындатты. Жыл басынан бері осы мәселе Үкіметтің барлық кеңейтілген отырыстары мен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырыстарының күн тәртібіндегі міндетті мәселелердің бірі болды. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылғы 27 мамырда өткен үшінші отырысында осы саланың даму мәселелеріне және келешегіне ерекше назар аударды.

Осылайша, басымдыққа ие және орындалуға міндетті тізімге мыналар кіреді: МӘМС-ті кеңінен енгізу; аймақтық және ауыл мен қала арасындағы теңгерімсіздіктерді жою; медициналық инфрақұрылым мен жабдықты жаңарту; цифрлық технологияларды енгізу және телемедицинаны дамыту; отандық фармацевтика саласын нығайту; кадрлардың әлеуетін, медициналық қызметкерлердің жалақысының мәртебесі мен деңгейін арттыру, сондай-ақ олардың қызметін реттейтін құқықтық нормаларды қайта қарау.

Биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға және отандық денсаулық сақтау жүйесін кез-келген табиғаттың төтенше жағдайларына жедел ден қоюға бейімделуге ерекше мән беріледі.

Білім беру сапасын арттыру

Халықтың өмірлік тіршілік әрекетінде бірде-бір саланы маңыздылығы жағынан адами капитал дамуына әсер ететеін білім беру саласымен салыстыруға келмейді. Қазақтың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин кезінде: «... біздің барлық болашағымыз, халықтың болашағы ұстаздың қолында», деп жазған.

Мемлекеттің қазақстандық білім беру саласын реформалау жөніндегі күш-жігеріне қарамастан, қазіргі кезде бірқатар мәселелер туындап отыр. Осындай өзекті мәселелер қатарында мамандарды даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы тұрақты байланыстың жоқтығы, білікті оқытушы кадрлардың жетіспеушілігі; қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім сапасындағы алшақтық, қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттерінің үлгерімі және білім деңгейі дамыған елдер оқушыларынан айтарлықтай артта қалуы, қаржыландырудың біркелкі болмауы және аймақтардағы білім беруді басқарудың қолданыстағы жүйесінің тиімсіздігі, заманауи талаптарға сай келмейтін инфрақұрылым, оқулықтардың сапасы бар.

Карантин жағдайындағы оқыту форматын өзгерту цифрлық технологиялардың оқу процесіне енгізілу деңгейінің төмендігін және мұғалімдердің өз пәні туралы терең білімі болғанына қарамастан, педагогикалық қызметтегі дағдыларының жеткіліксіз екендігін көрсетті.

Бұл жағдайдың себептері, Мемлекет басшысының пікірінше, білім беру жүйесін реформалауда терең талданбауы және білім саласына бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі.

Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік мекемелерге қойған міндеттерінің тізіміне білім беру сапасының негізгі алғышарты болып табылатын мектеп инфрақұрылымын дамыту кіреді. Қазіргі заманғы мектеп инфрақұрылымы эргономикалық және барлық санитарлық талаптарға сай болуы керек. Бұл қазіргі жаңа жағдайда өте маңызды. Мектепті басқару жүйесінде өзгерістер болуы қажет.

Директорларды ротациялау және аттестациялау институтының енгізілуі әкімшіліктің тиімділігін арттырады. Мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі де өзгеруі керек. Мұғалімдерді даярлауды педагогикалық бағыттағы арнайы университеттер жүзеге асыруы қажет. Оқыту сапасын арттыру мұғалімдерге бюрократиялық жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Оқу процесін ұйымдастырудағы абсолютті басымдық - оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, білім тек дағдылар мен құзыреттіліктерді дамытуға ғана емес, сонымен бірге білім беру қызметін қалпына келтіруге бағытталуы керек. Мектептер экологиялық ағартушылық талпынысын оятып, табиғатты қорғаудың аса маңызды екенін үйретуі, тұрмыстық тазалық пен гигиена мәдениетін қалыптастыруы қажет.

Кәсіби-техникалық білім беру саласында колледждерді ірі кәсіпорындардың сенімгерлік басқаруына көшіру, дуалды оқытуды дамыту және студенттерді жұмысқа тарту стратегиясын айқындау міндеті қойылған. Жоғары білім аясында білім беру бағдарламаларын қайта қарау және университеттердің академиялық тәуелсіздігін арттыру керек.

Жоспарланған реформалар мен инфрақұрылымдық өзгерістер шығындардың артуын қажет етеді. Алайда қаржылық ауыртпалық тек мемлекеттің мойнына жүктелмеуі тиіс, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін ынталандыру орынды.


Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматы

«Үкімет халықтың өтінішін тыңдап, жергілікті мәселелерді шешіп, азаматтарға үнемі есеп беріп отыруға міндетті». Бұл ережелер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көрсетілген. Мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сұхбат, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне тез жауап беру деп анықтайды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімді тетіктерінің бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болды. Оның міндеттеріне қоғамның, саяси партиялардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді.

Кері байланыс тиімділігін арттыру мақсатында әрбір орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтарды қабылдаудың тұрақты пункттері құрылып, тұрғындармен жедел және тікелей кері байланыс орнатылып, онлайн қабылдау бөлмелері ашылған. Президент Әкімшілігінде негізгі міндеті азаматтардың өтініштерін қарау сапасын бақылау болып табылатын арнайы бөлім құрылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің бірінші жылында мемлекеттің заңнамалық базасында маңызды жаңартулар болды. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстар туралы», «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жетілдірілді. Өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігі айтарлықтай өзгерді, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді, парламенттік оппозиция институты құрылды.

«Уәде берме, жаса!» - Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің негізгі ұстанымын дәл осылай тұжырымдады және Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің бірінші жылының нәтижелері бұл ұстанымның жүзеге асырылуға және оң нәтиже беруге болатындығын көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар