Тоқаев Орталық Азия елдеріне көлік логистикасындағы тариф саясатын оңтайландыруды ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік логистикасындағы тариф саясатын оңтайландыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл саладағы әрекеттерімізді үйлестіріп отыру арқылы көлік-логистикалық жобаларымыздың тиімділігін арттырар едік. Сондықтан үкіметтеріміз тариф саясатын оңтайландыру және әкімшілік процедураларды оңайлату бағытында өзара тығыз жұмыс істеуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Президенттің пайымынша, аймақ елдерінің амбициясы Орталық Азияны құрлықтағы көпір және шикізат жеткізуші ретінде танытумен шектелмеуі қажет.

«Іргетасы орныққан экономикалық модель құру ауқымды индустриаландыруды және экономиканың п е рспективалы салаларында әрдайым алдыңғы қатарда жүруді талап етеді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар