Тоқаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзгертуді ұсынды
2022 жылғы 28 қаңтар 15:53

Тоқаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзгертуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Партия құрылымын қайта қарап және оңтайландыру арқылы өзінің ұйымдастырушылық тиімділігін арттыруы керек. Партия аппаратын сервистік модельге қарай құруға басымдық берілуі тиіс»,- деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы партияның ұйымдастырушылық құрылымын да қайта қарау керектігін баса айтты.

«Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек. Партияның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер ашық және нақты алаңдарға айналуы, оларда ең өткір тақырыптар бойынша ұсынымдар әзірленуі тиіс. Олар өзекті проблемаларды шешудің іс жүзіндегі шынайы тетігіне трансформациялануы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, партия съезіндегі Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі ҚР Президенті баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасында жариялануда.


Jańalyqtar

MURAǴAT