Тоқаев меморган басшыларының бір қателікті жиі қайталайтынын сынады
2022 жылғы 21 қаңтар 15:00

Тоқаев меморган басшыларының бір қателікті жиі қайталайтынын сынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың қызметіндегі теріс тәжірибеге сараптама жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іс жүзінде кәсіпкерлердің талаптары бойынша әрбір екінші шешім мемлекеттің және лауазымды тұлғаның пайдасын көздемеген. Мен мұны прогресс деп санаймын. Тағы бір оң белгі - талаптардың басым бөлігін соттар кәсіпкердің мемлекеттік органдармен татуласуына байланысты қайтарған. Бірақ, сотқа шағымдар саны артып келеді. Олардың саны қазір 14 мыңнан асады. Үкіметке Жоғарғы сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың теріс тәжірибесін сараптау және жою бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында.

ҚР Президентінің атап өтуінше, сот мемлекеттік органның бір қателігін қайта-қайта түзете беретін болса, онда ондай басшы өз орнында отырған жоқ дегенді білдіреді.

«Жоғарғы сотқа алаңдатарлық цифрларға назар аударуды өтінемін. Төмен тұрған соттардың шешімдеріне шағымдар бойынша аппеляциялық мен кассациялық актілердің жартысына жуығы кәсіпкерлердің пайдасына қабылданған. Бұл бастапқы деңгейде соттардың әлі де болса икемделмегенін және мүдделерді жалған қорғаудан бас тартпағанын білдіреді. Мұны түзету қажет. Кәсіпкерлердің міндеті - сот сарсаңымен уақыт өткізу емес, жұмыс істеу», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Jańalyqtar

MURAǴAT