Тоқаев Мажарстанның Үкімет басшысымен қандай мәселелерді талқылағанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанмен өзара іс-қимылдардың саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы басым бағыттарын белгіледік. Стратегиялық кеңес пен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысына баса мән бердік», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың 29-30 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласында стратегиялық кеңестің 3-отырысына қатысу үшін Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Михаил Варга бастаған бизнес делегация өкілдерінің келуі жоспарланғанын айтты.

«Бұл шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті одан ары кеңейтуге септігін тигізеді деп санаймыз», - деді ҚР Президенті.
null

Мемлекет басшысы Қазақстан тарапы екі елдің экономикалық дамуына септігін тигізетін инвестициялық жобалардың санын арттыруға мүдделілік танытатындығын баса айтып, мажарлық іскерлік топтарды еліміздегі қызметтерін жандандыра түсуге шақырды.

«Ол үшін елімізде қажетті барлық жағдай жасалған. Қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал қалыптасып, әлемдік деңгейдегі қызметтерді ұсынатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына және Қытайдың алып нарығына тікелей енуге мүмкіндік бар. Біздің елордаларымыздың арасында тікелей әуе бағдары ашылған. Бұл бағдар қазақстандықтардың арасында үлкен танымалдылыққа ие», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстан Мажарстанның ТМД елдері ішіндегі 4-ші ірі сауда серіктесі саналады. 2018 жылдың қорытындысында екі елдің арасындағы тауар айналымы 139,2 млн долларды құрады.

Мажарстанның «Сечени» ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылған. Сонымен қатар қазақ тілі Сегед ғылыми университетінде оқытылады. Жалпы жыл сайын мажар тарапы қазақстандық студенттерге 250 білім грантын бөледі. Бүгінде бұл елде 500-ден астам қазақ жасы білім алуда.

null

Соңғы жаңалықтар