Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы: Бейбіт шеру мен қарақшылардың қанды қылмысының арасын ажырата білу керек

2022 жылғы 16 қараша, 10:46
Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы: Бейбіт шеру мен қарақшылардың қанды қылмысының арасын ажырата білу керек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде «қаңтар оқиғасына» тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қасіретті Қаңтар еліміз үшін зор сынақ болды. Қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысты, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды. Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Алматыны қиратып жатқаны жанына батқанын айтты.

«Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді.

Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік. Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр.

Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты», - деп толықтырды Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретінін жеткізді.

«Уақыт – емші» дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Қарулы топтардың қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін. Бірақ, біз ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды. Қастаңдық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады. Бірақ, қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өткім келеді. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысты. Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. «Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал, қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты», - деді кездесуде сөйлеген сөзінде.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar